ТАЗЫ ТҰҚЫМЫ ЖОҒАЛЫП КЕТПЕЙ МЕ? РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ИТТЕР

Уақыты: 21.09.2021
Оқылды: 1160
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Райымбек ауданында тазы өсірумен айналысатын жандардың барын естіп, қуанып қалдық.

Әсіресе, Сарыжаз ауылдық округінде әкім болып қыз­мет атқаратын Медет Азанбаевтай азаматтың тазы өсірумен  айналысатыны таңғалдырды. Таза тұқымды тазы өсірумен, бағумен Қобыланды Дүйсенбек (суретте) атты азамат та айналысып жүр. Оның 3 жасар «Ақтабан» атты арлан тазысы бар. Түлкі, борсық алған.

«Лашын» атты қаншық тазысы  қырағы әрі ізкесер. Қобыланды 8 жасынан бастап тазы өсіруге құмартыпты. 2019 жылы сол кездегі Райымбек ауданының әкімі, марқұм Жолан Омаровтың ұйымдас­тыруымен атақты Шалкөде жайлауында қымызмұрындық іс-шарасы, малшылардың тойы өрнектелді. Сол тойда ат бәйгесінің арасында тазылар жарысы өтті. Бұрын-соңды көрмеген соң қызығып, аңсарымыз ауа тамашалағамыз. Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 56 тазының арасынан Қобыландының «Ақтабаны» 1-орынды алған болатын.

Сарыжаз ауылында тұратын Жанат Шәденов те тазы өсірумен айналысып келеді. Таза тұқымды сары тазысы жеңімпаз. Жанат көк күшікті сонау Қарағандыдан әкелген екен. Жалпы қасқыр алатын тұқым. Жанат та жастайынан тазықұмар болып өсіпті.

Райымбек ауданында жалпы жетпіске тарта таза тұқымды тазы бар. Әр ауылда тазы бағумен айналысатын азаматтар жетерлік.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы