БАСПАНА, КӨРМЕ, ТУРНИР: БҮГІН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1334
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына ауысқанына 20 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай Жетісу жерінің бас шаһарында мәдени-рухани шаралар бірінен кейін бірі өтуде. Бүгін Талдықорғанда өткен шаралардың бәрі қала күні аясында ұйымдастырылды. Ауқымды шаралардың басы-қасында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жүрді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшілері мәлімдеді.

Облыс әкімі Амандық Баталов мерекеге орай Талдықорғандағы «Болашақ» шағынауданында жаңадан салынған 55 пәтерлі тұрғын-үйден «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 15 отбасына салтанатты түрде үйдің кілтін табыстады.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз айтқан халықтың әл-ауқатын арттыру туралы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіндегі міндеттеріне сай өңірде тұрғын үймен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Осы жұмыстың атқарылуына мемлекеттік «Шаңырақ», «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» сияқты тұрғын үй бағдарламалары үлкен мүмкіндік береді. Жаңа шаңырақтың іші шаттыққа, бақ пен берекеге толсын! – деп тілек білдірген Амандық Ғаббасұлы жаңа қонысқа ие болғандарға кілтін табыстап, қуаныштарына ортақ екенін білдірді.

Өз кезегінде жаңа үйдің кілтін алған ауыл шаруашылық министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринария зертханасының дәрігері Нұргүл Нұркина:

– Үй алып жатқандарды шын жүректен құттықтаймын!  Мен өте қуаныштымын. Кербұлақ ауданынан көшіп келіп, екі баламмен кезекке тұрып едім, бүгін жаңа пәтердің кілтін алып жатырмын. Осыдан үш жыл бұрын қызым дәл осындай бағдарламамен үй алып еді. Мемлекет қолдауының арқасында көптеген қазақстандықтар өз арманын жүзеге асырып келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп тебірене сөз сөйледі.

«Болашақ» ауданынан бой көтерген осы бір тұрғын-үйдің құрылысы 2020 жылдың мамырында басталған. Жауапты мердігер – «ЦА НИПИ ТрансНефть» ЖШС. Ал жалпы құрылыс-монтаж жұмысытарына  860,195 млн.теңге жұмсалыпты.

Жалпы, облысымызда өткен жылы 2 395 отбасы жаңа үймен қамтамасыз етілген. Соның 1258-і аз қамтылған және көп балалы отбасылар. Биылғы жылы жаңа баспана 3731 отбасына беріледі деп жоспарланған.

***

Жиырма жылдық мерейтойға арналған пленэрді тамашалау үшін облыс әкімі Амандық Баталов бастаған ел азаматтары «Көрме кешеніне» ат басын бұрды. Онда шаһардың облыс орталығы мәртебесіне ие болған жылдан бастап бүгінге дейінгі тарихи кезеңін суретке түсірген 21 фотосуретшінің 65 туындысын тамашалады.

Қала ажарын айшықтайтын Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Салтанат сарайы, Оқушылар сарайы сынды мәдени нысандар мен «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы, орталықтағы «Тайқазан» субұрқағы, Қаратал жағалауы сынды ғажайып орындар сурет арқылы сөйлеп тұра. Оған қоса елімізге белгілі қылқалам шеберлерінің, жас суретшілердің салған таңдамалы туындылары да жиырма жылдық белестің жеместі екенін айшықтағандай. Қала тұрғындарының кешкі серуені, жастардың шаттыққа толы жүзі, табиғаттың сан құбылған мезгілінде өрнектелген суреттер талғампаз көрерменді тәнті етті.

Фото суреттер мен қылқалам туындыларына риза болған аймақ басшысы өз кезегінде Талдықорған шаһарының құрылыстық жобасына зер салып, қонақтарға тотыдай түрленіп келе жатқан қаланың болашақта бой көтерер нысандарын мақтанышпен атап шықты.

– Қала жобасындағы көптеген нысандар бүгінгі таңда ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, сауда орындары, мешіт сынды нысандар қаланың көркін тіпті әсем ете түсетін болады. Қ.Жалайри көшесі бойында бой көтеретін зәулім үйлер қаланың кіреберісін гүлдендіретіні анық. Мұны «BI Group» компаниясы салады. Тағы бір баса назар аударатын дүние – «қала кодын» жасау керек. Осы бағытта ескі тұрғын үйлердің шатыры, қабырғалары заманауи үлгіде жаңартылып, боялса, қаламыз тіпті, ажарлана түседі, – деп атап өткен аймақ басшысы көптеген нысандарға жекелей тоқталып шықты. Өз кезегінде Талдықорғанның кіреберісінде салынған қалашықтың жұмысына ерекше көңіл бөліп, ондағы кемшіліктерді де атаусыз қалдырмады. Сонымен қатар ел игілігіне берілер құрлыс нысандарын да айшықтап өтті.

– Қаланың тарихи кезеңін сурет тілінде сөйлеткен фотосуретшілердің көрмесі ел назарына ұсынылды. Мұнда ең басты назар аударатын дүниенің бірі – кейбір туындыда қаламызды құс көзімен көрсетіп отырмыз. Яғни, заманауи құрылғылардың көмегімен биіктен түсірдік. Мұндағы мақсат тұрғындар шаһар ажарын жерден емес, биіктен де таныса деген ой. Сонымен қатар суретшілердің туындыны түсіретін өзіндік мезгілі болады. Кешкі қала көрінісі, таң самалымен тербелген қала ажары жеке шеберлікпен айшықталып, бояудың үйлесімділігін, композициясы жақсы болуына баса назар аудардық, – дейді көрме ұйымдастырушыларының бірі, фотосуретші Жеңіс Ысқабай.

Айта кетерлігі, пленэр көрмеге ұсынылған 21 фотосуретшінің туындысы түрлі тақырыпта сөйлей білген. Мәселен, қала тариыхының 20 жылдық тарихи кезеңін Жұмабай Мұсабеков, қаланың қысқы көрінісін Мұрат Қаспақов, шаһардың көрікті жерлерін Жеңіс Ысқабай көрермен назарына ұсынды. Солардың арасында, «Жер кіндігі – Жетісу» деген теңеуге сай креативті суретті Дарын Нөсербеков түсіріпті. Ел азаматтары мен зиялы қауым өкілдері, шаһар тұрғындары тамашалған көрме жұмыстары көпшіліктің көңілін көкжиекпен астастырғандай күйге түсіргенін де айта кеткен жөн-ақ!

***

Талдықорған орталық жүзу бассейнінде облыс орталығының 20 жылдығына арналған жүзу спортынан жасөспірімдер арасында қалалық турнир өтті.

Жаңа ғимараттың ашылғанына аз ғана уақыт болса да, жас жеткіншектер сынға түсіп, үлкен нәтиже көрсетті. Су спортына қызығатын ұл-қыздарымыздың көптігі сонша, жарысқа ниет білдіргендердің қатары белгіленген жоспардан асып кетті.

Сонымен, жарыс басталды. Бәсекеге қатысушылар еркін жүзу әдісі бойынша өзара шеберліктерін сынады. Атап айтсақ, мұнда 7 мен 12 жас аралығындағы балалар 50 метр қашықтыққа жүзсе, 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер 100 метрді бағындырды.

7 мен 9 жас аралығында бақ сынағандардың арасынан бірінші орынға Дәрия Тоқтархан озып шықса, 10-12 жас арасында Саида Елемес жеңімпаз атанды. Ал 13-15 жас арасында Айжан Айнабековаға жетер ешкім болмады. 7-9 жастағы ұлдардан бірінші болып Жәңгірхан Амантай жеңіске жетті. 10-12 жаста Богдан Поддубный болса, 13-15 жаста Шыңғыс Тұрғанов озық шықты. Енді 100 метр қашықтықта суға жүзгендерден Аруна Сламғазы жеңіс тұғырына орналасты. Ұлдар арасында  Ерсін Амантайұлының бағы жанды.

Жеңіске жеткен спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев марапаттап, жеңіпмаздарға бағалы сыйлық пен медаль және кубок табыс етті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы