АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АВТОГАЗ ҚҰЯТЫН БІРНЕШЕ СТАНЦИЯ ЗАҢ БҰЗДЫ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 1443
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының монополияға қарсы департаменті «АДМ-ГАЗ» ЖШС-не қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті аталған департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті (БҚДАД) автогаз құю станциясы (АГҚС) арқылы сұйытылған мұнай газын (СМГ) бөлшек саудада өткізу нарығына талдау жасады.

Талдау жүргізу барысында «АДМ-ГАЗ» ЖШС, «Альянс Газ» ЖШС, «City CAS Service» ЖШС, «LT-GAS» ЖШС, «Автогаз Трейд» ЖШС әрекеттерінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын нарық субъектілерінің келісілген іс-әрекеттерінен көрінетін бәсекелестік заңнаманы бұзу белгілері анықталды.

«АДМ-ГАЗ» ЖШС мекенжайына анықталған заңбұзушылық белгілерін жою бойынша хабарлама жіберілді. Басқа автогаз құю станцияларына қатысты материалдар заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша басқа аумақтық департаменттерге одан әрі жұмыс істеу үшін жолданды.

Белгіленген мерзімде «АДМ-ГАЗ» ЖШС хабарламаны орындамады, соның негізінде департамент арқылы тергеу басталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"