АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ҚЫТАЙДАН КЕЛГЕНДЕРГЕ ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАСАҒАН

Уақыты: 07.12.2021
Оқылды: 1312
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының тұрғыны қандастарға артық төлем алуға құқық беретін құжаттарды қолдан жасаған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1971 жылы туған азаматты анықтады. Ол Қытай Халық Республикасынан келген қандастарға жоғары әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін жалған еңбек кітапшаларын дайындаумен және сатумен айналысқан.

Тексеру барысында Қытай елінің түрлі ұйымдарының мөртабандары мен мөрлерінің жалған баспа-таңбалары, нотариустың мөрі мен қолы бар нотариаттық бланкілері, кесуге арналған станок және оның көмегімен жасалған жалған құжаттар (еңбек кітапшалары, туу туралы куәліктер және неке қию туралы куәліктер), басқа да заттар табылды және тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда заң бұзған азамат сотталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"