Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚТЫҢ ҮШІНШІ ҒАРЫШКЕРІМЕН КЕЛІСІМГЕ ОТЫРДЫ

Уақыты: 12.12.2021
Оқылды: 846

«Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы Қуат Баймырзаев пен «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл туралы Жетісу университетінің баспасөз орталығы мәлімдеді.

Меморандумға сәйкес, тараптар өздері қызығатын сала бойынша ғылыми зерттеулерді, сараптамалық және жобалық іс-шараларды бірге жүргізіп, кадр даярлау немесе қайта даярлықтан өткізу, олардың біліктілігін арттыру, бакалавр, магистр және докторлар (PhD) даярлайтын бағдарламалар әзірлеу, оқу семинарлары мен студенттер үшін практикалық сабақтар мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, білім және ғылыми кеңес беру, ақпараттандыру секілді бірнеше қызмет түрін бірге атқарады.

Бұл шаралар екі тарап арасында келісілген, бекітілген бағдарламалар бойынша жүзеге асады. Сондай-ақ, тараптардың бірінен ұсыныс түссе, бұл келісімдегі шарттардан басқа да ынтымақтастық орнауы мүмкін. Ондай жағдайда міндетті түрде жазбаша тағы келісім жасалады.

Ресми шара барысында Айдын Ақанұлы Жетісу өңіріндегі ең ірі оқу орнына Талдықорған қаласының ғарыштан түсірілген суретін берсе, оқу орнының басшысы ғарышкер түлегіне «І.Жансүгіров» төсбелгісін тақты.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов Жетісу университетінде білім алған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"