АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕКІ АУДАНЫНДА АНТИТЕРРОРЛЫҚ ОПЕРАЦИЯ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 2494
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталды. Бұл туралы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб хабарлады.

Терроризмге қарсы іс-шараларды Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері "А" арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен бірлесіп жүзеге асырды. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 4-бөлігі, яғни, "Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде күдіктілердің Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарындағы тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілді.

Олардан қару (тегіс ұңғылы қару, оқ-дәрілер), жарқылдақ шуылдатқыш және жауынгерлік гранаталар, полиция қызметкерлеріне арналған жарақтар, ұялы телефонның 123 қабы, жасыл түсті ерекше иісі бар зат тәркіленді.

"Арнайы және құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуді жалғастыруда. Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды, олардың заңды талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз", - делінген штаб хабарламасында.

26 қаңтарда Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының аумағында терроризмге қарсы операция режимі енгізілді. Бұл операция мемлекеттік мекемелерге жасалған шабуылға және Алматы қаласындағы коммерциялық нысандарды тонауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтату үшін жасалды.

Ескерте кетейік, Алматы облысында 26 қаңтардан бастап террорлық қауіптің "қызыл" деңгейі алынып тасталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"