ӘСКЕРИ МІНДЕТТІЛЕР 12 КҮНДІК ОҚУ-ЖАТТЫҒУДАН ӨТУДЕ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 21.04.2022
Оқылды: 1321
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Батыл тойтарыс - 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуынан Алматы облыстық аумақтық қорғаныс бригадасы да өтіп жатыр. Қорғаныс бригадасына тіркелген 86 әскери міндетті шақырылып, 12 күндік арнайы дайындық арқылы тактикалық қабілеттерін шыңдайды.

Талдықорған қаласының «Шығыс» өндірістік аумағында әскери қалашық құрылып, азаматтарға жатын орын, киім-кешек, тамақтандыру секілді барлық жағдай жасалған. Тәулік бойы денсаулық сақтау маманының бақылауында болатын оларға айлық та төленеді. Өйткені, шақырылғандардың барылғының тұрақты жұмыс орны бар.

- Шақырылған азаматтардың моральдық-психологиялық ахуалы мен денсаулық жағдайынан ешқандай шағым түспеді. Барлығының талпынысы жоғары. Жүктелген міндетті құлшыныспен орындап жатыр. Тіпті, оқ ату кезінде кейбірі әскери қызметте жүрген жандардан да жақсы көрсеткішке қол жеткізген. Жаттығудың негізгі мақсаты Талдықорған қаласындағы стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету әрі қорғау, – деген  облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс істері жөніндегі көмекшісі Асқар Ниязов азаматтарды стратегиялық нысандарға алып барып, әрқайсысына атқаратын міндеттері түсіндірілгенін жеткізді.

Жаттығу барысында жеке құрам білімін жетілдіріп, жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің тактикалық тәсілдерін пысықтайды. Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде бригаданың жеке құрамы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейінен өтіп, жұмылдыру мәселелерін меңгереді. Екінші кезеңде жауынгерлік үйлесімділікті ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жүргізіледі. Үшінші кезеңде жауынгерлерге объектілерді күзетуді күшейту, заңсыз әскери құрамалардың бағытын айқындап жою, жауапты аймақ шегіндегі соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету және қолдау бойынша бригада командирінің жұмысы ұйымдастырылады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы