АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫН БА? ӨРТ ШЫҚСА, СУ БАССА ҚАЙТЕМІЗ?

Уақыты: 22.04.2022
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өтті.

Жиында сел жүру қаупіне дайындық, шомылу маусымы кезеңіндегі азаматтардың судағы қауіпсіздігі және төтенше жағдай кезеңінде орман және дала аумағындағы өртке қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша сөз алған «Қазселденқорғау» ММ Жетісу Алатау аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Мейрам Нұрымбетов:­

– 38 гидропост тәулік бойы жұмыс істейді. Десе де, облыста 195 көшкін және сел-су басу қаупі жоғары 120 аумақ бар. Қазір жағдай тұрақты. Бірақ жауын-шашынды ескере отырып, мониторингті күшейттік,­ – деп төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары бақылауда тұрғанын айтты.

Бұл мәселе бойынша Лаззат Махатұлы төтенше жағдайлар департаментіне, «Қазселденқорғау» басқармалары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, облыс аумағындағы сел-сырғыма тасқыны қауіпті аймақтарға тексеру жүргізіп, халықтың, тұрғын үйлер мен нысандардың санын анықтау міндетін жүктеді. Өзен арналарына жақын орналасқан көлік жолдарына хабарландыру қалқандары мен ескерту белгілерін орнатып, елді мекендерді, аумақты табиғи қатерлерден қорғау, мұздық көлдерінің тасуына жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, сел тасқыны, сырғыма қаупі бар аумақтарды қадағалауды күшейтіп, қажет болса қосымша бақылау бекеттерін орнату керектігін айтты.

Осыдан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының аға офицері Бағдат Тыныбеков шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар басталып кеткендігін айтты. Департаменттің жедел-құтқару жасағы су айдындарындағы қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін 40 жүзу құралын (2 қайық, 13 ескекті қайық және 25 металл қайық) дайындыққа қойды. Сондай-ақ, сүңгуір жабдықтары, «Енд-Александров» құтқару қалқандары мен кеудешелері және 14 күнге азық-түлік, жанар-жағармай қоры құрылды. Қапшағай, Алакөл, Балқаш көлдеріне қауіпсіздікті күшейту үшін мамыр айынан бастап құтқару бөлімшелері қосымша 5 жылжымалы пост қоймақ. Талдықорған қаласының қалалық жағажайында да арнайы жасақ болады. Айта кетейік, былтыр су қоймаларында 67 адам, шомылу маусымында 38 адам құтқарылған.

Жиын барысында Алакөл және Балқаш ауданы әкімдерінің орынбасарлары шомылу маусымында төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, көлдер сүңгуір жабдықтар және басқа да керекті құралмен толықтай жабдықталғанын жеткізді.

Екінші мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан, қала әкімдеріне облыс аумағындағы су объектілерінде шомылуға тыйым салынған жерлерде арнайы белгілер орнатуды, Алакөл және Балқаш көлдерінде қоғамдық жағажайлар құру бойынша жұмыс бастауды тапсырды. Адамдар жаппай демалатын орындарда қажетті құтқару жабдығы, жүзу құралдары және құтқарушылар болу керектігін айтты.

Жыл басынан бері орман қоры аумағында 22 өрт оқиғасы тіркелген. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Александр Пархоменко қызыл жалынды ауыздықтау бойынша істеліп жатқан жұмыстарды, аудан-қалалардағы өзекті мәселелерді кеңінен тарқатты. Мәселен, Балқаш, Ұйғыр, Панфилов, Сарқан аудандарында өрт қауіпсіздігінің дайындығы өте төмен екендігін айтылды. Сонымен қатар, Ақсу Алакөл, Көксу, Ұйғыр, Ескелді, Жамбыл, Іле аудандарында посттарға арнайы техника бөлінбеген.

Шара барысында Балқаш, Ұйғыр аудандары әкімдерінің орынбасарлары өрттің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бұл жөнінде Лаззат Тұрлашов: «Сіздердің баяндамаларыңызды тыңдасам, ауданда өрт тұрмақ түтін де шықпайтын сияқты. Балқашта өрт сөндіруге ерікті адамдар мүлде жұмылдырылмайды. Арнайы жасақ құрыңыздар. Біз орталықтан үнемі көмек жібере алмаймыз. Өрттің алдын алу бойынша екі аудан нашар жұмыс істеп жатыр»,­ – деп нақты тапсырма берді.

Атап айтсақ, адамдар көп жиналатын орындарда, орман және таулы аймақтарда өрт қауіпсіздігі тақырыбында ақпараттық стендтер, плакаттар, билбордтар, баннерлер әзірлеп орнатуды, ерікті өрт сөндірушілерді даярлап, оларды қажетті техникамен, жабдықтармен және жарақтармен жарақтандыруды және елді мекендердің маңындағы аумақтарда дала өрттерін сөндіруге жедел ден қоюды қатаң тапсырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы