ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНА ДЕПУТАТ БОЛЫП САЙЛАНДЫ

Уақыты: 23.04.2022
Оқылды: 1452
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында шығып қалған депутаттың орнына Алматы облысынан Парламент Сенаты депутатын сайлау шарасы өтті.

Сенат депутатын жанама сайлау құқығы негізінде Алматы облысының барлық деңгейіндегі мәслихат депутаттары саналатын азаматтар жасырын дауыс беру арқылы сайлады. Сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында сағат 11.00-де басталды. Бірлескен отырысқа Алматы облыстық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы С.Шеңгелбаев төрағалық етті.

Отырысқа 358 таңдаушыдан 346 таңдаушы 96,6 пайыз және облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Дәуітов, мүшелері: З.Интенгенов, Б.Нүсіпова, М.Албанбекова, Қ.Қаңтарбаев, Б.Байтасова мен Қ.Жақсылық қатысты. Отырыс төрағасы шараны ашқан соң облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Дәуітовке дауыс беру тәртібін түсіндіріп, одан әрі дауыс беру рәсімі жүргізілді.

Дауыс беру қорытындыланғаннан кейін сайлау комиссиясының төрағасы нәтижелерiн жариялады. Нәтижесінде, Ахметова Гүлмира Асқарқызына – 47 дауыс, Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлына – 294 дауыс, «барлығына қарсымын» графасына – 5 дауыс берілді. Сайлау хаттамасы Орталық сайлау комиссиясына жолданады.

Қорытынды сөз сайлауда жеңіске қол жеткізген кандидат Ж.Жөргенбаевқа берілді. Ол өз сөзінде мәслихат депутаттарына сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.

Орталық сайлау комиссиясы жолданған хаттама сәйкес ресми қорытындысын жариялады. "Алматы облысынан Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлауда дауыс берудің нәтижелері бойынша Жанболат Жөргенбаев Алматы облысынан Сенат депутаты болып сайланды", делінген хабарламада.

Еске салайық, Жанболат Жөргенбаев 2021 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін Алматы облысының мәслихат хатшысы қызметін атқарды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"