ҚЫТАЙ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕСЕЙДІ "БӨЛГЕНІ" РАС ПА? ЖАЛҒАН КАРТАНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

Уақыты: 03.05.2022
Оқылды: 1688
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы ыдыраса, көрші елдер аумағын қалай бөліп алуы мүмкін деген жалған карта тараған болатын. Әрі бұл тақырыпты Қытайдың ең үлкен CCTV орталық телеарнасы талқылап, көрсетіпті. Бұған дәлел ретінде суреттер де жарияланған. Алайда...

Бұл - фейк. Сурет қолдан жасалған. Оның үстіне CCTV телеарнасының бұған ешқандай қатысы жоқ. CCTV телеарнасының логотипі көбіне экранның сол жақ жоғары шетінде тұрады. Ал суреттің оң жақ жоғары шетінде тұрған логотип мүлдем басқа арнаға тиесілі. Нақтырақ айтсақ, Шаңхай қаласынан тарайтын China Dragon TV арнасы. Телеарнаның YouTube-тегі сілтемесіне кіріп, видеоларын көріп шықсаңыз, логотипі сол жақ жоғары шетінде тұрғанын байқайсыз.

Экранның төменгі жағында жазылып тұрған қытай тіліндегі жазулардың да Ресей жерін бөлу мәселесіне еш қатысы жоқ. Мұнда экономика тақырыбына байланысты сөздер жазылған. Яғни, құрылымдық экономикалық акцияның төмендеуі деп тұр. Сонымен бірге, құнды қағаздарға инвестиция құйғысы келетіндер үшін индкс көрсетілген. Ал бұл бадарлама «Нарыққа көзқарас» деп аталады. Бағдарламаның түпнұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыз.

Тағы бір назар аударатын жайт – тележүргізушінің кім екендігі. Шын мәнінде ол саясатқа еш қатысы жоқ адам. Ресей жерінің бөлінуі туралы айтатын спикер де емес. Ол Қытайдағы белгілі бір компанияның инвестициялық кеңесші боп жұмыс істейді. Есімі Тау Иэ. Компанияның ресми сайтында оның фотосы ілініп, қызметі жайлы жазылған.

Анығында картаны осыдан екі жыл бұрын Reddit сайты жариялаған. Сол кезде сайт оны - “Ресей тұрғындары орналасқан жеріне байланысты көршілес елдердің қайсысына жақын” деген тақырыппен таратқан екен.

Қысқасы бұл жалған қапарат. Қытай телеарнасы таратты дейтіндей еш негіз жоқ.

Мұхит ТОҚТАСЫН