ТАЛҒАРДА ӨЗ ӘЙЕЛІН АЯУСЫЗ ҰРЫП ӨЛТІРГЕН ЕР АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 11.05.2022
Оқылды: 1479
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар полицейлері елді мекеннен алыс дала аймағында өз әйелін өлтірді деген күдікпен 45 жастағы азаматты ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

10 мамырда тәртіп сақшыларына Жалғамыс ауылы маңындағы шаруа қожалығынан зорлық-зомбылықпен өлтірілген 47 жастағы әйелдің денесі табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Үйдегі төбелестің іздерінен әйелдің аяусыз соққыға жығылғаны, сонын салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Жәбірленуші бұрын сотталған ер адаммен бірге тұрып, шаруа қожалығында мал баққан. Белгілі болғанындай, әйелдің өліміне қатысы бар күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

«Күдікті даланың қыр-сырын жетік білген. Сондықтан да іздестіру тобы бірнеше бағытта жұмыс істеді. Нәтижесінде патрульдік рота қызметкерлері күдіктінің ізіне түсіп, оны ұстап, полицияға жеткізді. 45 жастағы ер адам өз айғақтарында әйелін қатты соққыға жыққанын толық мойындады. Сондай-ақ, ұсталған азамат қылмыс жасаған кезде мас болғанын түсіндірді», - деп хабарлады Талғар аудандық полициясы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"