БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМІН НЫҒАЙТАДЫ

Уақыты: 17.05.2022
Оқылды: 1617
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғасырлар бойы азаттықты, тәуелсіздікті аңсаған халқымыз ауыз әдебиетінде, жыр-дастандарында, ертегі-аңыздарында елдіктің, мемлекеттіктің жарқын болашағын сипаттап өткені белгілі. Елім деген әрбір жан ұрпағының келешегі жарқын болуы үшін тірлік кешіп, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталардың аңсағаны үрім-бұтағының бейбітшілікте, тыныштықта өмір сүргенін көру еді.

Тарихтың парағы жабылған сайын жаңа күндердің беті ашылып, адамзаттық өркениетке ілескен қазақ халқының болашақтағы бет-бейнесі айқындалып келеді. Расында әрбір қиындық, ауыртпалық адам баласын серпіліске, дамуға жетелейтіні анық. Биыл жыл басындағы ауыр күндердің әсерімен еліміздің саяси өміріне үлкен ұмтылыс енгені анық байқалып отыр.

Бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға енгізілер өзгерістерді талқылаған ел-жұрттың құлшынысын көріп, алдағы күндердің жарқын боларына сенім арта бастады. Ондағы билік тармақтарын бекіту, жер мен қазба байлықты елдің игілігіне тең бөліп, жақсылыққа жұмсау сынды аса өзекті өзгерістер ешкімді бейжай қалдырмайды. Сондықтан, қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін референдум деген жалғыз ауыз сөздің мән-мағынасын ұғынуға ұмтылып отыр. Осының өзі дамуға, өркендеуге қадам басқан Жаңа Қазақстанның сипатын айғақтай түсіп, келер кезеңнің кескіні керемет боларынан белгі беретіндей әсер қалдырады.

Ендеше атар таңымыз ашық, батар күніміз шуақты, ұрпағымыз білімді, жастарымыз белсенді, қарттарымыз қазыналы болуын сұраған жанашыр тілекті көтеріп, бүкілхалықтық референдумға бір кісідей атсалысайық!

Ербол ЖҰМАХАНОВ,

Райымбек аудандық мәслихатының депутаты

Алматы облысы