ЖҮРЕГІНДЕ АҚАУЫ БАР НАУҚАСТАРҒА ШҰҒЫЛ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ - ҚАРАСАЙ АУДАНЫ

Уақыты: 18.05.2022
Оқылды: 1235
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында жіті миокард инфарктісі және тұрақсыз стенокардиясы бар пациенттерге шұғыл көмек көрсетіле бастады. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.

Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасындағы интервенциялық хирургия бөлімшесі 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Ашылған сәттен бастап бөлімшеде 150 науқас ем қабылдаған. Аурухана директоры Мәулен Малғаждаровтың айтуынша, осы уақытқа дейін Алматы облысының оңтүстік аймағында жіті коронарлы синдромы диагнозы анықталған пациенттер Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында емделетін.

- Біздің ауруханада интервенциялық хирургия бөлімшесі ашылған сәттен бастап бес айда 150 пациентке коронация жүргізілді, олардың ішінде стендтеу 55-60 пайызды құрайды. Ем қабылдауға келгендердің 30 пайызы Жамбыл ауданының тұрғындары, - дейді аурухана директоры. Сонымен қатар, Мәулен Сансызбайұлы жүрек-қантамыр жүйесі ауруының алғашқы белгілерін байқаған сәтте дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін атап өтті. Өйткені, жіті коронарлы синдромы тұрақсыз стенокардия немесе миокард инфарктісінің дамуына әкелетін айтады.

- Жіті коронарлық синдромның алғашқы белгісі кенеттен жүрек ұстамасы болуы мүмкін. Жіті коронарлы синдром әр науқастың денсаулығына байланысты әртүрлі дамиды. Қазір ауруханада ашылған бөлімде жіті коронарлы синдромы анықталған науқасты емдеу үшін барлық жағдай жасалған, - деді Мәулен Сансызбайұлы.

Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасындағы интервенциялық хирургия бөлімшесі тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша Жол картасын орындау мақсатында ашылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"