ЛАЙ КӨШКІНІНДЕ ҚАЗА БОЛҒАН ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ: "ҚАРАСАҚ ҮЙ ОРНЫНДА ЖОҚ"

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 1174
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласында болған лай көшкінінен қаза болған бүлдіршіннің анасы оқиғаның қалай болғанын "Қазақпарат" тілшісіне айтып берді.

Бес жастағы Жанбота Тілеуханның анасы қайғылы оқиға орын алған сәтте моншада болған. Сол уақытта тек қатты гүрілдің дауысын естіген.

«Қатты жел соққандай болды. Одан кейін тарс-тұрс болып кетті. Өзіміз шошығаннан, есімізді білмей қалдық. Терезеден шықтық та, жан-жаққа қарасақ үй орнында жоқ. Бала сол үйдің ішінде қалған болатын. Ақылды, сүйкімді еді. Мен әнші боламын, мен биші боламын дейтін», - дейді қызының қазасынан есеңгіреп қалған Гүлнәр Тілеухан.

Қайғы жұтқан ананы әкімдік үлкен қызымен бірге қонақүйге орналастырған. Ал кішкентай Жанбота 17 мамыр күні жер қойнына тапсырылды. Әкімдік бұл отбасына жаңа баспана беретінін мәлімдеді. Ал қалған төрт отбасының бүлінген үйіне қатысты шешімді комиссия қабылдайды.

«Қазір бізде төрт үй бұзылып тұр. Техникалық сараптама жасап, қарап шықтық. Үй салып береміз бе, сатып аламыз ба, заңға қарап шешім шығарамыз», - деді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Текеліде лай көшкіні 15 мамыр күні күндізгі сағат 12:00 шамасында басталған. Таудан көз ілеспес жылдамдықпен лап еткен балшық алдындағысын жапырып, бес үйді басып қалған. Олардың бірінде бес жасар Жанбота болған. Қыздың денесін құтқарушылар жеті сағаттан соң, арнайы дайындалған иттің көмегімен үйінді астынан алып шыққан.

Бүлдіршін бір әулеттің кенжесі еді. Анасы Гүлнәр Тілеуханның айтуынша, қайғылы жағдай болады деп ешкім ойламаған. Жанбота үй ішінде алаңсыз қуыршақ ойнап отырған. Ал 12 жастағы әпкесі туыстарының үйінде болыпты. Енді, міне бір-ақ күнде бес жасар қызынан да, баспанасынан да айырылған келіншек, қайғыдан есеңгіреп отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"