Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ АЛУ МАҚТАНЫШ ӘРІ ЗОР МІНДЕТ - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 25.05.2022
Оқылды: 701

Болашағымыз – балаларға білім нәрін сеуіп, ойы мен бойын толыстырған тағы бір оқу жылы аяқталды. Осыған орай  барлық мектепте Соңғы қоңырау салтанатты жағдайда соғылды. Облысымыздың орта білім шаңырақтарында биыл 444 мың оқушы білім алса, 17 мыңнан астам түлек алтын ұядан қанаттанып ұшып отыр. Оларды он бір жыл оқытып, білім мен тәрбие берген ұстаздары қимастықпен шығарып салды. Сондай бір көңіл толқытар шара Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп-гимназиясында өтті.

Осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген білім шаңырағында 1300-ден аса оқушы білім алса, 24 түлек мектепті тамамдауда. Алтын ұядан ұшқалы отырған түлектер мен оқу жылын артқа тастап, сыныптан сыныпқа қадам басқалы жатқан оқушыларды Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев арнайы құттықтады.

– Құрметті оқушылар, жас түлектер, ұстаздар мен ата-аналар! Сіздерді Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі жастарға Тәуелсіз Қазақстанда туып-өсіп, білім алу бақыты бұйырды. Бұл мақтанышпен қатар зор міндет жүктейді. Биыл мектеп бітіріп отырған түлектердің 1254-і «Алтын белгіге», 1816-сы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ағымдағы оқу жылында халықаралық, республикалық деңгейдегі білім сайыстарына 642 оқушы қатысса, оның 171-і жүлдегер атанып, облысымыздың абыройын асқақтатты. Оқушыларымыздың жан-жақты дамыған, үлкен азамат болып қалыптасуына барынша жағдай жасалып келеді. Биыл облысымызда 38 білім мекемесін салуға 21 млрд.теңге бөлінді. 20 нысан күрделі жөндеуден өтеді, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. 136 ауыл мектебі модернизациядан өткізіледі.

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Жыл аясында балаларды қолдауға ерекше мән беріліп, бірқатар бастама көтерілуде. Тағы бір жағымды жаңалық техникалық мамандықтарға арналған гранттар саны артып отыр. Мұның өзі жастарға мол мүмкіндік. Мектептен қанат қаққалы отырған жас түлектер, армандарың айқын, талаптарың биік, сапарларың сәтті болсын! – деді облыс басшысы.

Мектептің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Құралай Данабек сөз алып, алтын ұя мектебіне деген қимастық сезімін жеткізсе, ата-аналар атынан Шынар Әскерқызы ұстаздарға деген алғысын білдірді.

Шара барысында 1-сыныптың оқушылары мектеп бітірушілерге арнаған тақпақтарын оқыса, түлектер оларға естелік сыйлық ретінде кітап тарту етті. Соңғы қоңырау салтанатты түрде соғылып, түлектер тілектерін жеткізген шарларын аспанға қалық-тата ұшырды.

Бұдан соң облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Жетісу дарыны» орталығында халықаралық, республикалық білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленген оқушылармен кездесті. Осы орайда облысымыздың жас дарындары ғылымда, ІТ бағытында, шығармашылықта үздік нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқанын айта кеткен орынды. Сондай 33 түлек облыс әкімінің қаржылай марапатына қол жеткізді. Дарынды шәкірт тәрбиелеуде алдына жан салмай келе жатқан Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы лицейіне, Талдықорған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты және Е.Мәлкеев атындағы Есік «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатына 500 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Осылайша оқу жылы табысты қорытындыланды.

 * * *

Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты салтанатты жиынға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

«Бүгін әрбір отбасы, әрбір ұстаз бен түлек үшін ерекше қуанышты да толқынысты күн. Қаншама жастың қанаты қатайып, алтын ұя мектебінен ұшқалы отыр. Сіздерді осы соңғы қоңырау мерекесімен және жас түлектердің орта мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басуымен шын жүректен құттықтаймын!  Бүгінгі жастар, сендер, әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып, өсіп, білім алу бақыты бұйырған ұрпақсыңдар. Бұл, сендерге мақтанышпен қатар зор міндет жүктейді. Жаңа Қазақстан алға басу үшін  сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына сіңіріп өскен, бәсекеге қабілетті азаматтар қажет», – деп жеткіншектерге тілегін білдірді. Шындығында аталмыш мектептің білім сапасы жақсы. Оқу орны дарынды балаларды тәрбиелеп, оқытып, инновациялық білім беруде, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруда еліміздегі көшбасшы білім ошағына айналды.

Соңғы қоңыраудағы құттықтау сөз мектеп директоры  Виктор Сосинге берілді. Ол түлектерді салтанатты шарамен құттықтай отырып мектептің жетістіктеріне тоқталды.  Назарбаев зияткерлік мектебіндегі озық тәжірибелі 127 педагог пен 5 шетелдік білікті маман балалардың жетістікке жетуіне күш салуда. Биылғы оқу жылын 99 оқушы  аяқтап, халықаралық деңгейдегі Кембридж Емтихан Кеңесінің сынағынан сүрінбей өткен. Мектеп ашылған 12 жыл ішінде 154 түлек Назарбаев Университетіне, 111-і әлемдегі үздік оқу орындарының студенттері қатарына қосылып, 800-ге жуық оқушы халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейдегі олимпиадалық жүлделермен  облыстың абыройын көтерді.

Жиында мектеп бітіруші түлектер де сөз алып, ұстаздар қауымына алғыс айтып, алтын ұясын қимай кетіп бара жатқанын жеткізді. Біз де өз тарапымыздан бітіруші түлектерге сәт сапар тілейміз!

  * * * 

Талдықорғандағы №9 орта мектепте бітіруші түлектердің қоштасу мерекесіне арналған «Түлек – 2022 Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты жиын өтті.

Шараның ашылу салтанатында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін сөз алып, жылы лебізін білдірді.

– Ұстаз деген мәртебелі мамандық. Қазақтың жұлдыз ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі», – деген. Мектеп ұжымы Ләйлә Айтжанқызының басшылығымен үлкен жетістіктерге жетіп отырғаны бізді қуантады. Биылғы түлектер ерекше бақытты. Өйткені, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық күш-жігерімен жаңа, әділетті Қазақстанды құруды қолға алдық. Демек, ертең сіздер білімді әділетті, таза түрде аласыздар. Сол қалыптарыңызда үлкен қызметке тұрасыздар. Қазір қараңыздаршы, 32-33 жаста министр, облыстың әкімдері тағайындалып жатыр. Жаңа Қазақстанда үлкен сатыларға көтерулеріңе, биік шыңдарды бағындыруларыңа зор мүмкіндік туып отыр, - дей келе, оқушыларға ең бастысы ұлтжанды болу керек екенін айтып, ҰБТ тапсырушы түлектерге сәттілік тіледі.

Өз кезегінде «Amanat» партиясы Талдықорған қалалық филиалының жетекшісі Аманжол Жазықбаев, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті бастығының орынбасары Болат Тұрысбеков, №9 орта мектеп директоры Ләйлә Сембаева сөз алып, ақжарма тілектерін ақтарды. Әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған кішкентай бүлдіршіндердің аға-әпкелеріне айтқан тәтті тақпақтары жиылған қауымның ыстық ықыласына ие болды. Айта кетейік, мектепте 5 «алтын белгіге», 8 «үздік аттестатқа» үміткер бар.

Шара барысында аталмыш мектептің ұстазы Сақатай Нұрасыловаға «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, бірқатар ұстаздар Алғыс хатпен марапатталды. Содан соң соңғы қоңырау соғылды. Әуезді әнмен қосыла шыққан күміс қоңырау сыңғырын естіген түлектердің көңілдері босап, көзіне жас алды. Соңында  түлектер  сынып  жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздар шәкірттеріне сәт сапар тіледі. Ата-аналар да тарыдай болып кірген балаларын таудай қылып шығарған  ұстаздарға ақжарма тілектерін жаудырды.

Алма ЕСЕНБАЙ,

Гүлжан ТҰРСЫН,

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы