КОНСТИТУЦИЯҒА БЕС РЕТ ТҮЗЕТУ ЕНГІЗІЛГЕН. СЕНАТ ДЕПУТАТЫМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 26.05.2022
Оқылды: 1284
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Талдықорған жоғары медициналық колледжінің ұжымымен кездесу өткізді.

Шарада сенатор конституциялық реформаларға қатысты өзгерістер жайлы түсіндірді. Жуырда өтетін референдумның маңыздылығына тоқталып, өзгеріс енгізілетін негізгі баптар жайлы  мағлұмат берді.  Колледж студенттері спикерден референдумның қалай өтетіндігі жайлы сұрады.

Сұрақ-сауалдарға жауап берген Жанболат Жөргенбаев: «Бюллетень тек екі блоктан тұрады. Сіздер түзетулерді қолдайтындарыңызды немесе қолдамайтындарыңызды белгі қою арқылы білдіресіздер. Жалпы алғанда 33 бапқа толықтырулар енгізу жоспарланып отыр», – деді ол. Азаматтардың мүддесі, елдің болашағы, еркіндігі үшін жүргізіліп отырған референдумның болашақ үшін берері мол болатындығы жайлы кеңейтіле әңгімеленді.

Соңғы 27 жыл ішінде Конституцияға бес рет түзету енгізілді. Бірақ оларды Парламент қабылдады. Алдағы референдумда біз Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер үшін дауыс береміз. Референдум демократияның маңызды институты болып табылады. Бұл науқанда мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қатысты тікелей халықтың пікірі ескерілмек. Басқосуда осы мәселе кеңінен айтылды. Колледж ұстаздары мен студенттері референдумның маңыздылығы, оған атсалысудың болашақ үшін  жауапкершілігіне көз жеткізді. 

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы