Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

РЕФЕРЕНДУМ - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ. ЭНЕРГЕТИКТЕР ЖИЫНЫ

Уақыты: 25.05.2022
Оқылды: 633

«Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамы ұжымы 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық саяси шараны талқылап, Конституцияға енгізілер өзгерістердің маңыздылығын ортаға салды. Жиында компания қызметкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық өзгерістерге оң бағасын берді.

«Референдум – демократияға қадам басудың, Жаңа Қазақстанды құрудың төте жолы. Сонымен қатар, тәуелсіз елдің тұғырын нықтап, еңсесін тіктейтін азаматтық қоғамның маңызды құралы. Қуатты мемлекеттің қадамын қарышты, бағытын баянды етудің басты тетігі. Конституция – кемел келешек кепілі, мызғымас мемлекеттің алтын қазығы. Басты құжаттың басты құндылығы – әділдік, тәртіп, бірлік, ел тұтастығы, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Әділетті Қазақстан құру үшін Ата заңға өзгеріс енгізу керек. Сонда ғана тұтас халықтың тағдыры шешіліп, болашағы берекелі, келешегі көркем болмақ. Әрі бұл еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында көш бастауына мүмкіндік береді. Сондықтан жалпыхалықтық референдумға бәріміз атсалысуымыз, белсенділік танытуымыз керек», – деген энергетик мамандар бүгінгі күннің басты талабы жаңарудың қажеттілігі туралы ой қорытты.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, Жаңа Қазақстанды құруда реформаларды жаңарту аса маңызды, референдум елдің қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгеріс, тың серпін әкеледі. Мамандар республикада халық мүддесін қолдайтын, көптің үніне құлақ асатын, президенттік-парламенттік басқару жүйесі, жұртқа есеп беретін Үкіметі бар жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасады деген ойды ұстанатындарын жеткізді.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»