ТАЛҒАРДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ӘЗІРЛІК ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 30.05.2022
Оқылды: 942
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халық үлкен үміт күтіп отырған Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін аса маңызды шара – республикалық референдумның өтуіне аз күн қалды. Саяси науқанға еліміздің әрбір азаматы белсенді түрде қатысып, өз таңдауын жасауға құқылы.

Осыған орай референдум учаскелерінің талапқа сай жабдықталып, дұрыс ұйымдастырылуын қадағалау мақсатында Талғар ауданына Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбилә Мұстафина арнайы келіп, Бесағаш, Белбұлақ ауылдық округтеріндегі №28, №45, №32 орта мектептер мен Талғар политехникалық колледжінде орналасқан референдум учаскелерінің жұмысымен танысты.

Учаскелердегі жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуын, онда әрбір сайлаушыға қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін атап айтқан Сәбилә Сапарқызы мүгедектік арбаны пайдаланатын азаматтар үшін дауыс беруге арналған кабиналардың ыңғайлы болуына назар аударды.

Түс ауа Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде семинар-кеңес өтті. Семинарға облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Тимур Даутов, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, аудан прокуроры, облыстық әділет департаменті, аудандық полиция бөлімі, ішкі саясат, жұмыспен қамту бөлімдері мен аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының мүшелері қатысты.

Семинар-кеңесте «Республикалық референдум: өзектілігі, ерекшеліктері, ұйымдастыру» деген тақырыпта баяндама жасаған ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбилә Сапарқызы республикалық референдумды өткізудің құқықтық негіздері, референдум учаскелерінің жабдықталуы, сайлаушылар тізімі, есептен шығару куәлігін берудің талаптары, байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің дауыс беру күнгі әрекеттері және өзге де дауыс беру күні орын алуы мүмкін ситуациялық мәселелер жайында әңгіме қозғады.

Баяндамадан соң облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Пилалов «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы», аудан прокуроры Бағустар Қыдырбаев «Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік» деген тақырыптарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге   аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева республикалық референдум қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарының жүзеге асуы жайын айтып өтті.

Семинарда аудан әкімі Қайдар Әбдіханов референдумға аудан жұртшылығының жұмыла атсалысатындығын, оған бар мүмкіндік жасалатындығын атап айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы