ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА. ЕЛ АЛДЫНДА ҮЛКЕН ТАРИХИ ТАҢДАУ ТҰР

Уақыты: 30.05.2022
Оқылды: 1553
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алда келе жатқан үлкен саяси науқан жайлы жастардың білуі өте маңызды. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде өткен кездесудің «Жаңа Қазақстанды жастармен бірге құрайық» тақырыбында өрбуі де тегін емес. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар елдегі қордаланған мәселелерді шешуге жол ашпақ.

«Аялы алақан» қоғамдық қоры мен «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігі бірлесе ұйымдастырған шарада сөз алған облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ермек Келемсейіт Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгеретінін, бұл негізгі заңымыздың үштен бір бөлігі екенін айта келе:

- Елде орын алып жатқан жаңалықтарды халыққа жеткізу, үгіт-насихат жүргізу мақсатында референдумды қолдау жөнінде қоғамдық штаб құрдық. Бүгінге дейін аймақтағы елді мекендердің 60-65 пайызын қамтыдық. Аталмыш бастамаға халықтың көзқарасы оң. Қолға алынып жатқан түбегейлі өзгеріс ел дамуына үлкен жол ашайын деп тұр. Сондықтан, бәріміз бір кісідей 5 маусым референдумға қатысып, дауыс берейік, – деп суперпрезиденттік басқарудан бас тарту, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіліктерін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру сынды оң өзгерістерге жеке-жеке тоқталды.

«Jetisý» газетінің бас редакторы Әміре Әрін болса, ел ертеңі саналатын жастарды жігерлендіру, олардың бойында ұлттық рух қалыптастыру мәселесін сөз етіп:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік деңгейде қызмет еткен. Көп нәрсені бізден артық біледі. Кейде әлеуметтік желіде «мына шаруа, ана шаруа жасалмай жатыр» деген пікірлер кезігеді. Оның бәрін жасайды. Бірақ әр нәрсенің өз реті болады. Зуылдап келе жатқан пойызды бірден тоқтатса, вагондар бірінің үстіне бірі шығып, адам да мертігеді, рельс те қирайды. Сондықтан, ақырын-ақырын, жөнімен, жүйесімен бәрі ретке келеді, – деп Мемлекет басшысы қолға алған бастамаларды баяндады.

Жиында облыстық мәслихат депутаты Дамир Дигай мен облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы Ғазиз Аманжолұлы ойларымен бөлісіп, жастарды тарихи таңдау үшін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы