БҮГІН - БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ. РЕСПУБЛИКАДА 30 КҮНДІК АКЦИЯ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1446
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бала – бақыт, бала – болашақ. Әрбір адам ұрпағымен мың жасайды. Күннің нұрынан нәр алған, әлемге шуақ болып шашылған осынау балақандарды аялау, әлпештеу – әрбір ата-ананың парызы, қоғамның биік мақсаты. Осы орайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, балдырғандарға ерекше мән беруге шақырды. Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өтуді емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру бағытында нақты іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala QORGAY», «BALA_TIME.KZ» іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алуына, қосымша біліммен қамтылуына, денсаулықтарын нығайтуға, құқықтарын қорғауға, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыруға, жеткіншектер үшін қауіпсіз орта қамтамасыз етуге бағытталған.

Облысымызда «Балалар жылын» өткізу аясында 5 мыңның үстінде іс-шара қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы орайда Алакөл ауданында орналасқан балалар сауықтыру лагерін қайта жаңғырту ісі қолға алынып, Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Орталықта нейро-ортопедиялық аурулары, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың озық әдіс-тәсілдері енгізілген. Жыл соңына дейін 600 баланы оңалту жоспарда бар.

«Білімді ұлт» Ұлттық жобасы аясында биыл Іле ауданында психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес орталығын ашу қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі 58 жеткіншек Нұр-Сұлтан қаласындағы Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында ем алды.

Ерекше білім берілуге қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі балалардың белсенділігін, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Жұлдызай» балалар шығармашылығының фестиваль-байқауы өтті. Жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру бағытында «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы жүзеге асырылды. Осы сынды сурет, мәнерлеп оқу, плакат, патриоттық әндер байқауы, ашық сабақ, тәрбие сағаты, акция, әдеби оқылым, мұражайларға экскурсия, көрме, фестиваль, слет, ата-аналардың қатысуымен «дөңгелек үстел», тақырыптық сынып сағаттары, кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шаралар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, демеушілер, меценаттар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен өтуде.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балалар игілігі үшін» республикалық акциясы бастау алып, осы тұрғыда да балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. «Балалар жылы» аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын табады.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды