Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТУҒАН ЖЕР - ТҰҒЫРЫҢ, ТУҒАН ЕЛ - ҚЫДЫРЫҢ! БІЗДІҢ ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМЫЗ

Уақыты: 02.06.2022
Оқылды: 744

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», – деген дана халқымыз. Туған жер – алтын бесігіміз. Адамзат баласына туған жер, атамекен, Отан деген ұғымдар өте жақын. Себебі, Отан – біздің туып-өскен, кіндік қанымыз тамған жер.

Ормансыз бұлбұл болмайтындай Отансыз адам жоқ. Ата-анамыз, бауырларымыз қандай ыстық болса, Отан да бізге сондай ыстық. «Отан отбасынан басталады» деген мақал да осыдан шыққан. Туған елді сүйіп, туған жердің қара топырағында ойнап, ауасымен тыныстап, табиғатымен біте-қайнасып өскен адам өз ұлтының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне арқа сүйеп қалыптасады.

Менің Отаным – Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жалғаған ұлан-ғайыр Ұлы дала. Жер жаннаты Жетісу – менің туған өлкем! Осынау қасиетті мекендегі тау-тас, өзен-көлдер, жазық дала мен ойпатты жерлердің барлығы маған ыстық. Шетелде жүрген қандастарымыз да өз еліне қайтуға асық. Отан қай жерде жүрсең де оймен болса да орала бергің келетін киелі мекен.

Отан деген қандай құдіретті сөз десеңізші! Адам бойындағы асыл қасиеттер Отанға деген ыстық сезімнен басталады десем жаңылыспаймын. Мен еркін елде өскен ұрпақпын. Біздің, жастардың отаншылдық рухы әрдайым биік болуы тиіс. Егер біз жалын жүректі, намысты болсақ, Қазақстанға төнер қауіп жоқ.

Біз бабалар қалдырған жауһар сөздерді жаттап, санамызға түйіп жүруіміз керек. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», – деп текке айтылмайды. Шынымен де, Отан үшін жанын берген адам мәңгі ел есінде сақталады. Өзі өлсе де, аты өлмейді. Ата-бабаларымыз осынау даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаудан қорғап, бізге, болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсырды. Ендігі кезекте ел мен жерге құрмет көрсету, Отанды сүю әрбір қазақ баласының, біздердің перзенттік парызымыз.

Бүгінгі таңда Жаңа Қазақстанды құру жұмысы қарқынды іске асырылуда. Бұл орайда елдің өркендеуіне тәуелсіз мемлекетте өскен жастар үлкен үлес қосады деген сенім зор.

Мадияр БОЛЫСБЕК,

М.Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы