БАҚЫТ ДЕГЕН СЕНІҢ БАЛА КҮНДЕРІҢ. САЯБАҚТА МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨРНЕК ТАПТЫ

Уақыты: 02.06.2022
Оқылды: 1814
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында мерекелік іс-шара өрнек тапты.

«Бақыт деген сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің», – деп келетін жыр мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағалидың қаламынан туып, бүгінде әнге айналып, жүректерді тербеп жүр. Салтанатты шараның шымылдығы «Унисон» бокалдық тобының орындауындағы аталмыш әнмен ашылды. Өз кезегінде Оқушылар сарайының домбырашы балдырғандары орындаған «Балбырауын» күйі көңілдерді тербесе, алғашқы болып Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бұлдыбаев құттықтау сөз алды. Ол:

– Көңілдің жыры, көздің нұры болған балалар барша адамзаттың ең ұлы қазынасы, байлығы. Баланың жадырап күлгені жанды нұрландырып, кеудеге қуаныш сыйлайды. Сондықтан әрбір баланың жүзінде күлкі ойнауы керек. Біз балдырғандарымызға бақытты балалық шақты сыйлауға міндеттіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп атауында үлкен мән, тамырлы мазмұн жатыр. Осы есептен алғанда әрбір өскелең ұрпақтың ұлтжанды, елжанды болып өсуіне де зейінмен зер салуымыз керек. Өйткені, бала біздің болашағымыз, кемел елдің келешегі, – деп тебіренді. Сонымен қатар, атаулы мерекемен қуанышқа жиналған барша өскелең ұрпақты, ата-аналарды құттықтап өтті. Сондай-ақ, балаларға қамқорлық танытып келе жатқан Диас Әбеуов, Сайран Жасұланұлы, Дәурен Тәліп сынды бірқатар кәсіпкерді арнайы марапаттады.

Өз кезегінде Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полоквнигі Қазбек Мұхамедов сөз алып, балдырған шақтың ашық аспанында әрқашан күн нұры себездеп тұруына тілектестік білдіріп, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Төгілген күй, әуелеген ән, мың бұрала билеген бүлдіршіндердің биі мен өнері, көріністері көпшілікті тебірентті. Талдықорғанның талантты жастары өз өнерлерін паш етіп, мерекенің көрігін қыздырды. Айталық, «Мелоди кидс», «Веселая компания», «Еркетай», «Солнышко», «Домисолька», «Унисон» сынды вокалдық топтар, хореографиялық ансамбльдер қазақтың небір тамаша биін биілеп, күйін толқытып, тіпті, әлемдік танымал туындыларды ел назарына ұсынды.

Жүрек қылын нәркес толғап жіберген жеткіншектердің концертімен қатар саябақтың Қ.Жалаири көше жағында «Бақытты балалық шағым» тақырыбында бүлдіршіндер асфальтқа бормен сурет салып жарысты. Бірі «Біз бақытты баламыз» деп шұғылалы күнді, жауынды бұлтты бейнелесе, бірі «Шаттығы ортақ балалық» деген жазу жазылған асқар тауды, сылдырлаған өзенді бормен бедерледі. Осылайша, 100-ге тарта балдырған қиялындағы көріністі барынша көркем айшықтауға тырысты.

Өз кезегінде «Әкем, анам және мен» отбасылық спорт сайысы өтті. Онда 8 команда 6 сайыс түрінен бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. Әрбір эстафета ойындары қызғылықты ұйымдастырылған-ды. Атап айтсақ, алғашқы сайыста команда капитаны болған бүлдіршін мәреге барып кір қыстырғышты жіпке іліп, қайта оралғанда баласынан эстафетаны алған анасы оған орамал байлап қайтуы керек. Ал, кір қыстырғышқа ілінген орамалды әкесі қарсыластарынан бұрын барып алып келуі тиіс. Осындай қызғылықты аталымдар бойынша әрбір команда жеткен жетістігіне қарай бағалы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетерлігі, көңілді жадыратқан мерекелік шараға облыс орталығындағы мектептер де атсалысып, балдырғандардың қолынан шыққан бұйымдардан көрме ұйымдастырды. Аниматорлардың шоу бағдарламаларын, бабалардың шығармашылық көрмесін тамашалаған мереке қонақтары балаларын аттракциондарда ойнатса, мереке кейіпкерлеріне балмұздақтар тегін үлестірілді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы