ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚАРУ САҚТАУ ҚЫЛМЫСЫ 50 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

Уақыты: 26.08.2022
Оқылды: 1763
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жамбыл ауданында биыл қылмыстық әрекеттер мен жол апаттарының саны артқан. Мұндай мәлімет аудан әкімі Нұрлан Ертастың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста жарияланды.

Аудан аумағындағы криминогендік ахуал биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша былтырғымен салыстырғанда нашарлағаны туралы аудан әкімі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Айнұр Төлеуқұлова мен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еркін Сейдалиевтің баяндамаларында айтылды.

Өткен 7 ай ішінде аудан аумағында қаруды заңсыз сақтау қылмысы 50 пайызға, бұзақылық 83,3 пайызға өскен. Аудан басшысы Нұрлан Ертасұлы аталған қылмыстарды азайту және алдын алу бойынша барлық тиісті мекемелерге, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Әлиев полиция қызметкерлерін жұмысты жандандыруға, қоғамдағы кейбір түйткілді мәселені кеңес мүшелерімен бірлесіп атқаруға шақырды. Аудан прокурорының міндетін атқарушы Азамат Ешенханов полиция бөлімі мен кейбір мекемелердің жұмысы сын көтермейтінін, жұмысты санмен емес, нақты нәтижемен көрсету керегін айтты.

Жиынға аудандық құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелері, аудан прокуратурасы, полиция бөлімінің басшысы, аудандық мемлекеттік бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихаттың құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі тұрақты комиссиясына мүше депутаттар, ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары және ювеналды полиция инспекторлары қатысты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы