ЖҮЙТКІГЕН ПОЙЫЗ БІР ОТАР ҚОЙДЫ БАСЫП ӨТЕ ШЫҚТЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 16.09.2022
Оқылды: 2501
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында жүк пойызы 123 бас қойды басып өте шықты. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Түнгі күні сағат 01.24-те Алматы облысының «Жетіген-Құрөзек» бағыты аралығында жүк пойызының машинисі темір жолдан өтіп бара жатқан бір отар қойды байқап, шұғыл тежегішті басты. Алайда қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады, соның салдарынан 530 бас қойдың 123-і поезд астына түсіп, өлді. Пойыз 13 минут кідірді», - деді көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.

Оның айтуынша, оқиға орнына Алтынкөл станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетіп, жүргізілген іс-шаралар барысында малдың иесін анықтаған. Ол Алматы облысы, Туғанбай ауылының 36 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 559-бабы, 1-бөлігі, яғни, темiр жолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді полиция генерал-майоры.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"