БИЫЛҒА 30 МЫҢ ТОННАДАЙ КӨМІР ҚАЖЕТ. ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1119
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көп ұзамай қыс та келеді. Ал биылғы жылыту маусымына Қонаев қаласы дайын ба, отын қоры жеткілікті ме? Бұл туралы Қонаев қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарынан білген едік.

Белгілі болғанындай, биылғы қысқа 29 мың тонна қатты отын қажет. Қонаев қаласында 3 көмір тұйығы бар, бүгінде олардың жалпы қоры – 3 758 тонна. С.Сейфуллин көшесіндегі №58 көмір тұйығындағы «Қаражыра» сұрыпты көмірі – 16 мың теңге, Индустриальная көшесіндегі №9 көмір тұйығындағы «Шұбаркөл» көмірі – 15 500 теңге, Заречное ауылындағы «Шұбаркөл» көмірі –14 550 теңгеге саудалануда.

Өткен жылыту кезеңі аяқталған соң жылу жүйесінде бірнеше ақау анықталып, қаланы жылумен қамтамасыз ететін компания өз қаржысына жөндемек болған. Қазіргі таңда қазандықтың 72 жабдығы қалпына келтірілген. Сондай-ақ, 3 құрылғы күрделі жөндеуден өтіп, № 5 стансының бу құбыры тұтас ауыстырылған.

– Бүгінде жылу тарататын кәсіпорындағы мазут қоры – 4377, 5 тонна. Жоспар бойынша жылыту кезеңіне 4 727, 5 тонна отын қажет. «Petrosun» ЖШС қалаға 350 тонна отын жеткізіп береді. Серіктестікпен екіжақты келісімшартқа қол қойылды, – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.

Жылу жүйесінің 890 метріне жеңіл, 2580 метріне күрделі жөндеу жасалды. Қаладағы 1, 3, 4, 5, 18 шағынаудандарына тартылған желінің бәрі жаңартылған. Барлығы 781 642 шаршы метр ауданды құрайтын тұрғын үйлер мен ғимараттар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы