Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ТАҒЫ АУЫС-ТҮЙІС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ЖАҢАДАН ЕКІ КАДР КЕЛДІ

Уақыты: 03.10.2022
Оқылды: 1086

Қонаев қаласында тағы да ауыс-түйіс. "Amanat" партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы болып Қуат Байқожаев тағайындалды. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасарлығына Рауан Рақымбеков келді.

Рауан Тұрданғазыұлы 1980 жылы туған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Экология және табиғатты пайдалану», «Қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы «Қайнар» ААҚ моноблок құю цехының қоймашысы болып бастаған, кейіннен қайта құю корпусының шебері болып жұмыс істеген. Әр жылдарда «Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесінде жетекші маман, Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласы Өтенай ауылдық округінің әкімі, Текелі қаласы әкімінің орынбасары, Қаратал және Ескелді аудандарының әкімі болып қызмет еткен.

2021 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Ал Қуат Сұлтанұлы еңбек жолын 1983 жылы Шелек ауылында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдық округ әкімі, білім бөлімі, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшысы лауазымдарын атқарған.

2014 жылдан бері Еңбекшіқазақ аудандық партия филиалында басшылықта болған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"