ТӨСЕКТЕ ЖАТҚАНЫМ ЖАРАМАС. МАЙДАНГЕР ҚАРИЯ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 873
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бәйтерек ауылдық округі Алға ауылына қарасты №187 сайлау учаскесіндегі оқиға баршаны сүйіндірді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жасы жүзге жақындаған Солтанбай Жарықбасов ақсақал өз аяғымен келіп, сайлау жәшігіне дауыс беру бюллетенін салды.

Солтанбай Жарықбасов Отан от кешкен жауынгерлердің бірі. Қан майданның бел ортасында жүрді. Одан кейінгі бейбіт өмірде ұстаздық етуден жалықпай, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Алға ауылына мешіт салып имандылық жолын қалыптастырды. Көпшілік арасында беделі биік. Сайлауға құрмет көрсеткені соның дәлелі.

- Мұндағы азаматтар учаскеге келіп әуре болмаңыз, үйіңізге барайық деді. Оларға көп рахмет. Бірақ мен кешегі жауынгер емеспін бе? Еліміз үшін маңызы зор науқан өтіп жатқанда төсекте жатқаным жарамас. Қазақстан Президентін сайлаудың маңызы зор. Отанын, отбасын ойлаған әрбір адам оған жауапкершілікпен қарауы керек, не істеп, не қойғанын дұрыс таңдауға тиіс. Кеше майданда ұрпақтар үшін қалай күрессек, бүгін азаматтық таңдаудан қателеспеуге тиіспіз. Сайлушының кімге дауыс бергені маңызды емес, елдің ертеңі үшін дауыс бергені маңызды, - деді майдангер қария Солтанбай Жарықбасов.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы