БҰЛ НАУҚАН МЕНІҢ ЕСЕЙІП, ЕЛ АЗАМАТЫ АТАНҒАНЫМДЫ КӨРСЕТТІ. ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 643
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел Президентін таңдап, сайлауда өзінің де үлесі боларын жүрегімен сезініп, қуанған жастардың белсенділігі айрықша. Олардың қатарында Талғар қаласындағы №1 орта мектеп ғимаратына орналасқан №824 сайлау учаскесіне келген Рашидин Маликов та бар.

- Бір шаңырақ астында сүттей ұйып, бірлігіміз бен тірлігіміз жарасқан көпұлтты халқымыздың жұдырықтай жұмыла тату-тәтті, бақытты өмір сүруі үшін саяси сауатты, елді басқара білетін Президент болуы қажет. Биыл кәмелеттік жасқа толып, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, Президенттік сайлауда өз дауысымды беріп жатқаныма қатты қуанып тұрмын. Сайлау учаскесіне келіп, бюллетеньді қолыма алғандағы қуанышымды жеткізе алмаймын. Бұл менің есейіп, ел азаматы болғандығымды сезіндіргендей әсер қалдырды, – дейді тұңғыш рет дауыс беруші Рашидин Маликов.

Дәл осы сәтте №836 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасаған Карина Қуанышбаева да өзінің 18 жасқа толған құрбы-құрдастарының бүгінгі саяси науқаннан шет қалмай, белсенділік танытатындығын қуана жеткізді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы