БҰЛ - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ЖОЛ, ТАРИХИ МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРА

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 910
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы №262 учаскеде 984 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссисының төрайымы Ақгүл Қадырованың айтуынша, таңсәріден бері тұрғындар белсенді түрде дауыс беруде.

Аудан тұрғыны Әсет Қарабаев дауыс беруге немерелерін ерте келді. Ол сайлауды тарихи маңызы зор шара деп есептейді.

- Жастар соны түсінсе және өз елінің нағыз патриоты болып өссе деймін. Сол себепті сайлауға немерелеріммен келіп тұрмын. Мен бүгін жай ғана дауыс беріп жатқан жоқпын, осы әрекетім арқылы немерелерімнің жарқын болашағына жол салып тұрмын деп білемін, – дейді Әсет Қарабаев.

Жамбыл ауданында 24 ауылдық округ, 61 елді мекен бар. Халық саны – 175 136. Кезектен тыс Президент сайлауына орай, аудан аумағында 76 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Олардың барлығы талапқа сай. Өңірде жалпы 103 545 сайлаушы бар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ