ІЛЕ АУДАНЫНДА 85 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ БАР. ШЕТЕЛДЕН БАҚЫЛАУШЫЛАР КЕЛГЕН

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 611
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданы бойынша барлық сайлау учаскесі таңғы сағат 7-де жұмысын бастады. Гимн ойналып, алғашқы дауыс берушілер өз таңдауын жасады. Сағат 10-ға дейін халықтың 10 пайызы, яғни, 16000-нан астам адам дауыс беріп үлгерді.

Жалпы ауданда 85 сайлау учаскесі бар. Оның 5-уі әскери бөлімдерде орналасқан. 730 адам сайлау жұмысына жұмылдырылған.

- Тұрғындардың сайлауға белсене қатысып, дауыс беруіне мейлінше жағдай жасалған. Дауыс беруге келе алмайтын адамдардан өтініштер қабылдануда. Оларға арнайы бөлінген мамандар дауыс беру жәшігін апарып, сайлау науқанынан тыс қалмай, азаматтық белсенділігін танытуына жәрдемін тигізеді, - дейді Іле аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ербол Ахмет.

Сайлау комиссиясы жұмысына партиялар мен қоғамдық бірлестік мүшелері атсалысуда. Одан бөлек шетелдік бақылаушылар да қатысуда.

Өтеген батыр ауылындағы №38 мектеп-гимназиясында ораласқан №353 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген ауыл тұрғыны, энергетика саласының маманы Ғани Жұмаділов сайлау науқанының ойдағыдай өтіп жатқанын айтып, өз таңдауын жасағанын жеткізді. Еліміздің болашағына, бұған дейін мемлекетімізді басқарып келген Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенетінін алға тартты.

Қосөзен ауылының тұрғыны №14 мектептің мұғалімі Нұржан Сембаев еліміздің болашағы жарқын боларына, оған бүгінгі сайлау негіз болатынын айтты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Іле ауданы,

Алматы облысы