САЙЛАУҒА КЕЛГЕН ӘКЕ МЕН БАЛА: "БАЗАРДА ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРМІЗ"

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы С.Бердіқұлов атындағы орта мектебінде орналасқан №267 сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылардың саны 2758. Сайлау комиссиясының төрағасы Ақмарал Аққұлиеваның айтуынша, жасы 18-ге енді толған 56 жас бар, екі адам денсаулығына байланысты үйден дауыс бермек. Дауыс беру таңғы сағат жетіде басталған.

Мұнда келушілерде толас жоқ. Комиссия мүшелеріне жеке куәліктерін көрсетіп, бюллетень алып, оны жабық кабинада белгілеп, жәшікке салуда. Сыртта солардың бірін әңгімеге тарттық. Өзін Мүслімхан Атагелдиев деп таныстырған азамат саяси сауатты екенін байқатты.

- Сіз жұмыс киімімен келгенге ұқсайсыз, байқауымызша, әрі асығыс көрінесіз. Қандай кәсіппен айналысасыз?

- Иә, мен жұмысқа бара жатып, дауыс беріп кетуге келдім. Базарда жұмыс істейміз, жеке кәсіпкерміз.

- Сайлау туралы ойыңыз қандай?

- Бұл еліміздің өміріндегі өте маңызды оқиға болғандықтан, өзім ғана емес, көріп тұрғаныңыздай, ұлымды да ертіп келдім. Мен жастардың болашағына алаңдаймын. Сондықтан жастардың сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаулары керек. Олар жаңа да бай-қуатты Қазақстанда өмір сүрулері тиіс. Халықтың ауызбіршілігі мықты, бәсекеге қабілетті, дендері сау болғаны өте-мөте маңызды. Бай болу үшін білімді, білімді болу үшін кәсіп керек дегенді данышпандар айтқан ғой. Сол сияқты бізде заң үстемдігі, білім мен денсаулық сақтау ісінің сапасы жоғары болуы қажет. Жоғары білімі бола тұра, мен сияқты базарда, болмаса басқа да қара жұмыста жүрмеуі керек. Жоғары оқу орнын бітірген көптеген жастар алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні жасырын емес қой. Сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру ісі халықтың көңілінен шығуы тиіс. Менің жасымдағы ересек адамдарды қазір жұмысқа ала қоймайды. Содан зейнетақым аз болып қалмаса екен деп уайымдаймыз. Осының барлығы Президентке байланысты. Бүгін мемлекетіміздің лайықты басшысын сайлап жатқанымыз сондықтан. Елді жақсы өмірге бастайтын басшыға таңдау жасалуда деп түсінген жөн. Мінекей, ұлымның да құлағына соны құйып, бірге келдік. Олар еліміздің болашағы, сондықтан немқұрайды қарамай, саяси өмірге белгенді араласуы керек.

- Пікір білдіргеніңізге рахмет

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы