ТАЛҒАРДА ДАРИЯ КЕУДЕ ҚАРИЯЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ. ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 886
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел Президентінің кезектен тыс сайлауына ақсамайлы қарттар да бейжай қарамай, таяғын сүйрете келіп, өз таңдауларын жасауда. Сексен, тоқсанның белесіне шыққанша талайды көрген қариялар ұрпағының келешігі жарқын, тұрмысының жақсы болуын, ең бастысы, бейбіт заманда өмір сүруін тілейді.

 – Бүгінгі таңдау – жарқын болашаққа жасалған қадам. Осы жасқа дейін  көрген қиындығымыз аз болмады. Барлығын ерен еңбекпен жеңдік. Адал тапқан нан тәтті, бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Бұған дейін де талай сайлауға қатыстық, дегенмен, әлемде боп жатқан алмағайып заманда ел тағдырына жауапты тұлғаны дұрыс таңдау – азаматтық борышымыз. Біз халқымыздың, ұрпағымыздың бейбіт заманда бай-қуатты, бақытты өмір сүргенін тілейміз. Бүгінгі дауысым соған жасалған қадам, – дейді Тұздыбастау ауылындағы №856 сайлау учаскесіне келген 89 жастағы Сағындық ата.

Бүгінгі сайлауда дария кеуде – қарияларымыздың белсенділігі ерекше зор болды. Талғар қаласындағы №3 орта мектепте орналасқан №837 сайлау учаскесіне келген Қаболдина Камеш апа да аппақ тілегін арқалай кепті.

Әзірге сайлау учаскесіне келіп, әділ сайлау үшін дауыс берген жасы үлкен сайлаушылардың көшбасында Туғанбай ауылының тұрғыны, 95 жастағы Рахымжан Мәлкеев атамыз екендігін ерекше атағымыз келеді. Көп жасаған қария №30 орта мектептегі №1053 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы