ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА 111 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ДАУЫС БЕРДІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 861
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданы Өтеген батыр кентінің тұрғыны, 111 жастағы, ғасырдан да ұзақ жасаған қарт әже Нұржамал Мергенбаева Президент сайлауы науқанынан тыс қалмады. Сайлау болатынын естіп, дауыс беруге ниетті екенін жеткізген әженің тілегін №355 сайлау учаскесінің жауапты мамандары жүзеге асырды. Қарияның үйіне сайлау бюллетені мен жәшігін апарып, дауыс беруіне мүмкіндік ашты.

Апамыз әлі де тың. Келген адамға ақ тілегін жаудырып, бата береді. Қолына қалам ұстап, тиісті жерді белгілеп болған соң алақанын жая:

"Сайлап жатқан Президентіміз құтты болсын,
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мемлекетіміз өркендей берсін,
Барлық адам менің жасыма жетсін!"
- деп бетін сипап, көрген жанды сүйсінтті.

Нұржамал әжейдің күтіміне немере келіні Зинаида Сүйербаева жауапты екен. Отыз жылға жуық әжемен бір шаңырақ астында тұрып келеді. Зинаидадан әженің көп өмір сүру құпиясын сұрадық.

- Әжеміз кезінде шипажайларға барып, қымыз, шұбат ішіп, өзін жақсы күтті. Бес уақыт намызын қаза қылған жоқ. Қазір де күтімінің жақсы болуына бар күшімізді салудамыз. Таңертеңгі мезгілде ботқа жейді. Жұмыртқаны суға пісіріп береміз. Қалаған тағамын жасаймыз. Әжемнен көп нәрсе үйрендім. Осы үйге 18 жасымда келін болып түскенде нан илей алмайтынмын. Суын көп қосып, жұмсақ етіп илейтінмін. Әжем болса суын аз-аздан қоссам қамырдың қатты болатынын айтып, үйретті. Әр күн әжеміздің амандығын, ұзақ өмір сүруін тілейміз, - деді ол.

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен әженің сайлауға үлес қосқанын көріп, бата алу да - бір бақыт. Міне, сондай қайталанбас сәтке куә болған №355 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары Ізеткүл Тохтиева:

- Мен осындай сәтке куә болғаныма өте қуаныштымын. 111 жастағы әженің дауыс беру сәтін көру маған бұйырды. Өмірімде мұндай жайт бірінші рет болып тұр. Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын, - деді ағынан жарылып.

№355 сайлау учаскесінің өкілдері қарт әжеден соң үйде төсек тартып жатқан басқа да қариялар мен мүгедектерге кіріп, дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Аталмыш учаскеге сайлау алаңына бара алмайтын 5 адамнан өтініш келіп түскен.

Алма ЕСЕНБАЙ

Іле ауданы,

Алматы облысы