ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1074
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Есік қаласының тұрғындары да саяси науқанға белсене қатысып жатыр. Қалада 13 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беруге 24612 адам тіркелген. Түске дейін сайлаушылардың 34 пайызы, яғни 8367 адам өз таңдауларын жасады. Солардың ішінде №124 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген ардагер спортшы, әлем марафонының чемпионы Алпыс Ермағанбетов ағамыз да бар.

Ол кісі КСРО спорт шебері. 2007 жылы Мәскеуде өткен әлем марафонының чемпионы. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері. Жасы сексенге таяса да спорттан қол үзген емес. Өнеге-тәдімін кейінгі толқынға үйретуден жалықпайды.

- Бүгін - тарихи күн! Сондықтан сайлауға қатысу біздің парызымыз. Өйткені әр адамның дауысы маңызды. Қазақстанның азаматы ретінде елімнің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасауға келдім. Біздің буын көпті көрді. Көп нәрсені көңілге түйді. Ендігі тілегіміз - жас ұрпақтың кемел келешегі. Әділетті қоғам орнап, Қазақстанда тұрып жатқан халықтар береке-бірлікте, тату-тірлікте өмір сүрсе екен деймін. Еліміз алға басып,  мәртебесі көтеріле берсін, - дейді атақты желаяқ Алпыс Арықбайұлы.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы