САРЫЖАЗ АУЫЛЫНДАҒЫ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛЫП ТҰР

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 815
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға байланысты Райымбек ауданында 24 сайлау учаскесінде жұмыс толассыз жүргізіліп жатыр. Оның ішінде екеуі жабық сайлау учаскесі. Аудан бойынша 20672 сайлаушы тіркелген. Түске дейін сайлаушылардың дені өз таңдауларын жасады.

Біз аудан аумағындағы Сарыжаз ауылында болдық. Осындағы №774 сайлау учаскесіне ат басын бұрдық. Сайлау үйінің сыртынан ауылға ұлттық нақыштағы әндер берілуде. Рас, маңызды істің әсем әндермен ажарланып жатуы да жарасымды. Мектептің кіреберісіне орналасқан сайлау орнына ауыл тұрғындары келіп, дауыстарын беріп жатыр.

№774 сайлау комиссиясының төрағасы Айдос Иманбаевтан мән-жайға қанықтық. Аталған сайлау учаскесіне 1843 сайлаушы тіркеліпті. Түстен кейінгі сағат 15-00-ге дейін сайлаушылардың дені таңдауларын жасапты. Осы күні ауылда тұратын ғасырлық ғұмыр кешкен қарт сайлаушы, 98 жастағы ақылман ақсақал Қуатбек Өскенбаев, 96 жастағы Зияхан Барбаева, 18 жасқа толған жас сайлаушылар Мерей Бейбітқызы, Темірлан Жаңабай, Қасиет Әділбек дауыс берді. Республикалық «Альянс» ассоциациясынан Көктеубай Тұрарбекұлы, үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ләйла Әбділдаева, «Аманат» партиясынан Гүлмария Симтикова, Махмут Өмірзақов, «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау қоғамдық бірлестігінен Есенгүл Қожалимова сайлауды бақылауларына алған.

Қанат БІРЖАНСАЛ

          Райымбек ауданы,

Алматы облысы