ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНАН КҮТЕР ҮМІТІ ЗОР - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1332
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Іле ауданында 85 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Өз кандидатына дауыс беруге ықыласты жұрт таң атқалы бері ерекше белсенділік танытуда. Айта кетерлігі, ауданда 160 000-нан астам тұрғын дауыс беруге құқылы.

Бұл сайлау ел тарихына ерекше жағдайымен енетіні анық. Себебі елімізде тұңғыш рет  Президент 7 жылға және бір мерзімге сайланбақ. Сол себепті аудан тұрғындарының дені бұл саяси шараға айрықша жауапкершілік танытып, сайлау учаскелеріне таң бозынан жол тартты. Өтеген батыр кентіндегі № 351 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Шоқан Жанғабысов:

- Дауыс беру азаматтық борышым деп білемін. Ел сенімін иеленетін Президент мемлекетіміздің игілігі жолында еңбек ететініне және Қазақстанның көркеюіне бар күш-жігерін, ақыл-ойын жұмсайтынына сенемін, – дейді.

Аудан орталығының тұрғыны Кенжебек Бейсенов те бұл саяси шараны маңызды деп санайды.

- Мемлекетіміздің және халқымыздың болашағы біздің әрбіріміздің бүгінгі таңдауымызға байланысты. Бәрі заң аясында жүзеге асады, біз бүкіл ел-жұрт болып мемлекетіміздің жаңа басшысын таңдаймыз және ол өзінің сайлауалды бағдарламасын іс жүзінде орындайды деп білеміз. Елдің бұл науқаннан күтер үміті зор, – дейді ол.

Аудандағы дауыс беру барысын коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен тұратын тәуелсіз бақылаушылар қадағалауда. Бұл ретте, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Зохида Төреходжаева:

– Біздің учаскеде қазір тәуелсіз 4 бақылаушы бар. Тұрғындардың белсенділігі дауыс беру басталған алғашқы сағаттарда-ақ байқалды. Елдің алды болып келген сайлаушыларға арнайы сый-сияпаттар табысталды. Бұл сайлау мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуінде үлкен роль атқаратыны белгілі және сайлаушылар мұны жақсы түсінеді, – деген ойымен бөлісті.  

ӨЗ ТІЛШІМІЗ