ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА ЗАҢ БҰЗУ ДЕРЕКТЕРІ ТІРКЕЛДІ МЕ? БАСПАСӨЗ МӘЖІЛІСІ

Уақыты: 25.11.2022
Оқылды: 1738
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кезектен тыс Президент сайлауы қалай өтті? Онда заңбұзушылықтар орын алды ма? Бұл турасында Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында «Партиялық емес бақылау орталығы» Алматы облыстық штабының үйлестірушісі Нина Өтебекова баян етті.

- Сайлауда аймақтағы барлық сайлау учаскесі толығымен бақыланды. Қыркүйек айынан бастап барлық округте бақылаушылар пулы құрылды, олардың жалпы саны 1170 адамды құрады. Олар 585 учаскеде бақылау жүргізді. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 1000-нан астам бақылаушы ұсынылды. Бұл қатарда студенттер, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер, сондай-ақ денсаулық сақтау, бизнес, мәдениет, тағы басқа сала өкілдері болды. Бақылаушыларды даярлау және оқыту бойынша жұмыс жүргізілді. Оқу процесінде сайлау заңнамасының негіздеріне ерекше назар аударылды. Жаттықтырушылар сайлау учаскелерінде туындайтын даулы мәселелерді шешу мен құқық бұзушылық деректерін қалай тіркеуге болатынын түсіндірді. Жалпы, Алматы облыстық штабы 30-дан астам оффлайн оқыту тренингтері мен ZOOM кездесулерін өткізді, –  деді штаб үйлестірушісі.

Дауыс беру күні 2250-ге жуық бақылаушы мен ҮЕҰ серіктестері 585 сайлау учаскесінде жұмыс атқарып, бақылау нәтижелері бойынша есеп ұсынған. Бақылаушылардың айтуынша, сайлау учаскелеріндегі жұмыс жылдан-жылға жақсарып келеді. Өткен сайлауда жіберілген сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың немесе лауазымды тұлғалардың болуы, бюллетеньдерді алдын ала толтыру, лақтыру, учаскелердегі үгіт элементтері, хаттамаларды уақытылы жасамау сынды кемшіліктер орын алмаған. Сайлау науқаны жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, кемшіліксіз өткен.

Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғындардың 81,31 пайызы дауыс берген. Сайлау бюллетеніне Қазақстан Республикасының Президенттігіне 6 кандидат тіркелді және биыл алғаш рет «Барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Қалған бес үміткердің дауыс нәтижесі 4 пайыздан төмен. Ал тұрғындардың 5,80 пайызы "Барлығына қарсымын" деген бағанды таңдаған.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы