КӨЛСАЙ КӨЛІНДЕ ЖАҢА ТУРИСТІК БАҒЫТ АШЫЛДЫ. ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ САПАРЫ

Уақыты: 25.11.2022
Оқылды: 1826
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Саты шатқалында Көлсай көлі аумағында жүретін жаңа туристік бағыттың ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері, "Көлсай көлдері" ұлттық паркі қызметкерлері қатысты.

- Біздің министрліктің атынан баршаңызды "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде "Табиғатқа құлақ сал" атты жаңа маршруттың ашылуымен құттықтаймын! Экологиялық туризмді дамытуда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, атап айтқанда, ұлттық парктер үлкен рөл атқарады. Статистикаға сәйкес, 2022 жылдың алғашқы 10 айында бұл жерге шамамен 1,7 млн.демалушы келді. Бұл туризм үшін оң тенденцияның қалыптасқанын білдіреді, – деді құттықтау сөзінде вице-министр.

Салтанатты шарада вице-министр БҰҰ Даму бағдарламасын іске асыратын маман Ақмарал Ағажаевамен бірге жаңа бағыттың лентасын қиды.

- Қазақстанның Экология министрлігіне бізбен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асырғаны үшін алғыс айтамын. БҰҰ Даму бағдарламасы елімізде экотуризмнің дамуына көп көңіл бөледі. Бүгін соның жаңа нәтижесін көріп отырмыз, – деді сөз алған Ақмарал Ағажаева.

Ал маршруттың таныстырылымын БҰҰ Даму бағдарламасы директорының орынбасары Әділбек Батанов жасады. "Бұл бағыттың соңғы нүктесіне дейін барып, қайтатын жолдың ұзындығы 13,3 шақырымды құрайды. Бастапқы нүктесі – Саты шатқалы. Соңғы нүктесі – тау басындағы бұлақ. Аталған бағытта туристік тұрақ, көру алаңы, кемпинг орталығы, жабайы жануарларды бақылайтын арнайы орын ашылды. Бұл тауда қар барысы мекендейтінін де айта кеткен жөн", – деді Әділбек Батанов.

Сапар аясында тау етегінде арнайы киіз үй тігіліп, қонақтар ақ дастарқаннан дәм ауыз тиді. Жергілікті өнерпаздар салтанатты шараның көрігін қыздырып, өнерлерін ортаға салды. Шара соңында жиналған жұрт «Табиғатқа құлақ сал» бағытымен серуендеуге шықты.

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Кеген ауданы,

Алматы облысы