ЕСІК ҚАЛАСЫ МЕН ШЕЛЕК АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ - ӘКІМДІК

Уақыты: 27.11.2022
Оқылды: 1534
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Верный капитал» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда Есік қаласы мен Шелек ауылында мектеп салу мәселесі қозғалды.

Заманауи үлгіде бой көтеретін 900 орынды 2 мектепте ойын, спорт алаңдары, демалыс залдары, ғылыми-тәжірибелік, оқу-өндірістік кабинеттері болады. «Верный капитал» серіктестігі оқу ошағының аумағын көгалдандыру жұмысын атқарады және инфрақұрылымның заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.Құрылыс сызбасын Алматы қаласындағы «Нархоз» университеті мен ботаникалық бақты қалпына келтіру жобаларын жасаған менеджерлер тобы қолға алмақ. Аяқталған соң жоба Алматы облысы әкімдігінің қарауына өтеді.

– Біздің топ Қазақстанның білім саласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Балалар кең, жайлы, қауіпсіз мектептерде оқуға тиіс. Сондықтан біз қай жерде мектеп тапшылығы, бар сол аумаққа салғымыз келеді, – дейді компания директоры Ерлан Оспанов.

Басқосуда Марат Елеусізұлы үшауысымды мектеп мәселесін шешу керектігін айтты. «Қазір аймақта 52 мектеп үш ауысымда білім береді. Жыл сайын мектеп оқушыларының саны 20 мыңға көбейеді. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасы аясында аймақта 63 мектеп бой көтермек. Біз «Верный капитал» компаниясының қол ұшын беруге дайын екеніне қуаныштымыз», – деді аймақ басшысы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мамандары мен облыс әкімдігінің бірнеше рет ақылдасуынан кейін Есік қаласы мен Шелек ауылында мектеп салу туралы шешім қабылданғаны мәлім. Есіктегі екі мектепте балалар үш ауысымда оқыса, Шелектегі мектептер ескіріп, тоза бастаған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы