ТАЛҒАРДА БОМБА ҚОЙЫЛДЫ ДЕГЕН КОЛЛЕДЖДЕН 600 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Уақыты: 30.11.2022
Оқылды: 1741
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғарда бомба қойылды делінген колледжден 600-ге жуық адам эвакуацияланды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

«30 қараша күні сағат 12:10-да кезекші бөлімге М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжіне бомба қойылғаны туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері басқа уәкілетті органдармен бірлесіп, 500-ге жуық оқушыны, 97 оқытушыны, 7 техникалық персоналды және 2 күзетшіні эвакуациялады», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша Талғар аудандық полиция бөлімінде тіркелді. «Қазіргі уақытта саперлер арнайы операция жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша жағдайға құқықтық баға берілетін болады»,- деді полиция өкілдері.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"