ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 23.01.2023
Оқылды: 1258
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысу үшін Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Көпбірлік, Қарақұм ауылдарына, Бәйшегір ауылдық округінің Алмалы ауылына барды. 

Тұрғындармен кездесіп жергілікті жердегі мәселелерді тыңдаған соң, ауыл маңындағы "Қарақұм балық" ЖШС барып, қазіргі жағдайын көрді. Шаруашылықтың балық өнімдерін 4 мемлекетке өткізуге рұқсаты бар. Алдағы уақытта Балқаш көлінің жағалуынан жер алып, балық өңдеу цехін ашып, кәсібін кеңейту жоспарлануда.

Қарақұм ауылында 400-ден астам халық тұрады. Басқосу барысында тұрғындар ауылға интернет желісін өз күштерімен тартуға тырысқанын, алайда 8 шақырымдық жердің жұмыстары аяқсыз қалғанын айтты.  Аудан әкімі күн жылынысымен интернет желісін толық жүргізіп, іске қосып беретінін айтты. Кездесуге Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан арнайы мамандар да шақыртылып, “Аққайыр” каналын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімімен бірлесіп каналға толық тексеріс жасалды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, мал ұрлығын азайту мәселесі  өлкелік полиция қызметкерімен кеңінен талқыланды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"