ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН ҚАЖЕТ. ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 26.01.2023
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны қаупі жоғары өңірлерді атап өтті. Оның ішінде Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Абай, Жетісу облыстары бар. Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдап, сондай-ақ, қар астында мұз қабатының болуын ескере отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтар тәуекел дәрежесіне қарай бөлінеді.
– Бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елді мекен орналасқан. Оларда 127 мыңнан артық үй бар және 700 мыңнан астам азамат тұрады. Өткен жылғы су тасқынының өтуін талдау қорытындысы су басудың негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін көрсетті, – деді Юрий Ильин.
Су тасқыны кезеңіндегі тағы бір мәселе – жолдарда судың толып кетуі және олардың бұзылуы. Бұл көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі. Қазіргі кезде республика бойынша су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскесі анықталды. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу кезінде жаңа құрылыстар салуды немесе қолданыстағы су өткізгіш құрылыстарының өткізу қабілетін арттыруды ойластыруы қажет.
Үкімет басшысы барлық өңір әкімдерінің қарды, әсіресе, ауылдық елді мекендерде уақытылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. 
– Арықтарды, дренаждық жүйелерді, нөсер кәріздерін, өзен арналарын тазартып, уақытша бөгеттер тұрғызу керек. Өңір әкімдері «Жол картасының» іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерді шешуге міндетті. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрі айтқан барлық ұсыныстар мен шараларды ескеру қажет. Әкімдер су тасқынын өздерінің қатаң бақылауында ұстасын, – деді Премьер-Министр.
Жиын соңында Әлихан Смайылов су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын  үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штабтар құруды, сондай-ақ, шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Жетісу облысы