Жетісу облысында тауға шыққан тиктокер жоғалып кетті

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 618
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының тауларында хабар-ошарсыз кеткен тиктокер іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni .

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 36 жастағы алматылық Дамир Кушеев Текелі қаласының маңындағы тауларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.

Ол кеше Қора шатқалындағы Бұрқанбұлақ сарқырамасына спортқа арналған велосипедімен барған. Бөгеттің жанында тұрып соңғы эфирге шыққан, жергілікті жердің қорықшысы шәй беріп, дәм ауыз тигізген. Байланыс үзілгеннен кейін Кушеевтің зайыбы ТЖД-ға оны табуға көмектесу туралы өтініш білдірген.

Арызды Ескелді ауданының полицейлері де тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті. Қазір таулы аймақта ер адамды полицейлер мен ТЖД қызметкерлері, кинологтар итпен іздеп жүр.

Дамир Кушеев түрлі көрікті жерлерге велосипедпен баруды ұнатады. TikTok желісінде өзінің жеке парақшасы бар. Ескелді ауданындағы туыстарында қонақта болған.

Жоғалып кеткен ер адамның орналасқан жері туралы ақпараты бар кез келген адамға мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 747 558 1508, 708 252 2008, 102 немесе 112.

Фото: polisia.kz