Бірлік пен тұрақтылық кепілі

Уақыты: 09.09.2023
Оқылды: 2602
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Отырыста Жолдаудың міндеттерін түсіндіру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу туралы шешімдер қабылданып, ассамблея қызметінің және оның құрылымдарының негізгі бағыттары белгіленді, халықпен ынтымақтастық және өзара іс-қимылдың жаңа нысандары, жалпы республикалық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. ZООМ байланыс режимінде өткен жиынға Жетісу облысындағы ассамблея өкілдері онлайын форматта қатысып, пікір білдірді.

 Кеңес барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Президенттің Жолдауы біздің қоғамды ауқымды қайта құрудың жаңа кезеңі болғанын, халықтың, әрбір азаматтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге шешуші қадам жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл реформа еліміздегі бірлік пен келісімнің нығаюы мен ауқымды трансформация бағдарламасының табысы арасындағы тікелей көрнекі байланысты сенімді түрде көрсеткеніне айрықша тоқталды. Жолдауда алға қойған терең және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар берік саяси негізге және толық саяси қолдауға ие болатындығына тоқталды. Сонымен қатар,

Мемлекет басшысының Жолдауында әрбір азамат пен оның жеке экономикалық мүдделеріне қандай да бір дәрежеде әсер ететіндей ауқымдағы экономикалық даму міндеттерінің қамтылғанын, міндеттерді іске асыру қоғамды шоғырландыруға, бірлік пен келісімді нығайтуға тікелей жұмыс істейтінін атап өтті.

Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешен және ингуш халықтары мәдениетін дамыту қауымдастығының» тең төрағасы Ахмед Мурадов Мемлекет басшысы Жолдауының бірқатар аспектілеріне, атап айтқанда, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, азаматтық, жауапкершілік пен патриотизм құндылықтары мәселелеріне тоқталды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова: «креативті экономика еліміздің, өңірдің жарқын жарнамасына, «визит карточкасына» айналатын ауқымды іс-шараларды құра отырып, талантты, шығармашыл адамдарды тартатын ірі қалаларды дамытудың қозғаушы күшіне айналады» деген пікір білдірді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының» президенті Қайрат Айтбай ел Президентінің еліміздің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуі жөніндегі Жолдауының тезистері саяси жүйені жаңғыртып, қоғамдық сананы өзгертеді деген ойын жеткізді. Ал «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Владимир Божко: «Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсарту бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды белгіледі. Президент оларға қол жеткізу біздің қоғамның келісімі мен бірлігін сақтай отырып қана мүмкін болатынын атап өтті. Біздің ортақ табысымыз әрбір азаматтың күш-жігеріне, жоғары азаматтық борышқа және әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты болады», – деп сөзін түйіндеді.

Астанадағы спикерлер өз ойын білдіріп өткен соң облыстағы этнос өкілдері мен абыз ақсақалдар да өз пікірімен бөлісті. Сол қатарда Жетісу облыстық ардагерлер ұйымы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт  Жолдау Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына бірқатар міндет жүктегенін атап өтіп, Ассамблеяның идеологиялық жұмысында қоғамның өзін, қоғамдық құндылықтар жүйесін және тұтастай алғанда қоғамдық сананы реформалау міндетін жүзеге асыру үшін еңбектену керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл реформа бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік пен ынтымақтастық, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік құндылығына негізделген жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ықпал ететін маңыздылығын сөз етті.

Қажет Андас