Күздің ызғары бірте-бірте күшейіп барады. Санаулы күндерден кейін еліміздің барлық аймағында жылыту маусымы басталады. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей аязды күндерге төтеп беретін отын қорын қамтамасыз ету, қазандықтардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалау осы бастан қолға алынған жөн. Осыған орай, «Қыстан қысылмай шығуға әзірлік қандай?» деген сауалымызға Алакөл аудан әкімінің баспасөз қызметі төмендегідей мәлімет берді:
– Алакөл ауданы бойынша жылыту маусымы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданда 2 орталықтандырылған жылыту қазандығы жұмыс істейді. Орталық қазандықты қатты отынмен қамтамасыз етуге «СнабСервисГруп» ЖШС-мен 378,0 млн. теңгеге 24156 тонна қатты отын жеткізуге келісімшарт жасалып, тәулігіне 132 тоннадан тасымалдау жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 16 048 тонна қатты отын жеткізілді. Жылу желілерін ағымдағы жөндеуге байланысты 117 млн. теңге қаражат бөлініп, бұл жұмысты «Велунд сталь» ЖШС сапалы атқаруда, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Мұрат.
Жалпы алғанда ауданда барлығы 13745 жеке тұрғын үйге жылыту маусымы барысында 71696 тонна қатты отын қажет. Бүгінгі таңда 41787 тонна көмір сатылып, тұрғындардың 59,1 пайызы қысқы дайындығын қамдап алды. Ауданды қатты отынмен қамтамасыз ететін 5 теміржол тұйығы бар. Бүгінгі күні 14 вагон немесе 1041 тонна көмір қоры жеткізіліп, сатылуда. Сонымен қатар, «Қазақстан Теміржолы» ҰҚ АҚ ақпараты бойынша барлығы 11 вагон немесе 759 тонна көмір жолда келе жатыр. Көмірдің орташа сатылу бағасы 17500 – 23000 теңге аралығында сақталуда.
Жыл сайын жылыту маусымы басталғаннан бастап тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің саны артатындығы да белгілі. Ол көбінесе жылыту жүйелері мен қондырғылардың тозуы, пештің ақауы, жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін өрескел бұзу, сондай-ақ, тұрғындардың немқұрайлығынан туындап жатады. Сондықтан да өрттің алдын алу, жалпы қарапайым талаптарды орындау туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де түсіндіру жұмысын бастап кеткен.
Егер жоспар ойдағыдай орындалса алакөлдіктер қатты отыннан да таршылық көрмей, қауіпсіздік шарасын да жүйелі атқарып, алдағы қыстан қысылмай шығатынына сенім мол.
Қажет Андас
Алакөл ауданы