Дайындық ойдағыдай, кемшілік те жоқ емес

Уақыты: 18.09.2023
Оқылды: 382
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қанағатовтың төрағалығымен жылыту маусымына дайындық жағдайы қаралды. Жиында облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Сқақов жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл облыстық бюджет есебінен жылумен жабдықтау көздерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және негізгі жабдықтарды сатып алуға 1,4 млрд. теңге бөлінген. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бүгінде энергиямен жабдықтау кәсіпорындары 2 турбина, 30 қазандық, 12 шақырым жылу және 886 шақырым электр желісіне, 113 трансформаторлық қосалқы стансысына жөндеу жұмысын жүргізуде. Алайда, жұмыстар жүйелі ұйымдастырылмағандықтан дайындық ойдағыдай жүргізілмей жатқан көрінеді.

Мәселен, Сарқан қаласының орталық қазандығының тозған 2 қазандығын ауыстыруға мердігер анықталған. Алайда, мердігерде қажетті негізгі жабдықтардың жоқ болуына байланысты әлі күнге дейін жұмыс басталмапты. Үштөбе қаласында блокті-модульді қазандық сатып алуға және орнатуға қаражат биыл шілдеде бөлінген. Алайда, конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жарияланбаған. Талдықорған қаласындағы Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көшелеріндегі жылу желісінің учаскесін қайта жаңарту жобасының іске асырылуына байланысты биылғы жылдың 4-28 қыркүйек аралығында абоненттерді ыстық судан ажырату жоспарланғанмен жұмыс уақытында аяқталмауы мүмкін. Бұл тұрғындардың наразылығын туындыруда. Сонымен қатар, Ескелді ауданы Ақтұма, Ақешкі және Сырымбет ауылдарының тұрғындарын орталық сумен қамтамасыз етілмеу қаупі.

Қысқы жылыту маусымынан қысылмай шығу үшін энергия кәсіпорындарына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут қажет. Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар үшін 11,4 млн. литр дизель, 16 мың тонна көмір және 4,2 мың тонна пеллет дайындалуы керек. Алайда, энергия кәсіпорындарында бүгінгі күнге 81,6 мың тонна көмір, 1,7 мың тонна мазут қоры бар. Кәсіпорындарға көмір толығымен сатылып алынғанымен жоспардағы 365 мың тонна көмірдің 167,9 мың тоннасы ғана жеткізілген.  Мазут отынын жеткізу қазан айында басталады.  Бюджеттік ұйымдарға 11,2 млн. литр (қажеттілік 11,4 млн. л) сұйық отыны сатып алынса, оның 8,8 млн. литрі ғана діттеген жеріне жеткізген.  Бюджеттік ұйымдарға қажетті 16 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген.  Өкінішке қарай, Панфилов ауданының мәдениет нысандарына көмір мүлдем жоқ. Облыс тұрғындары үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 453,8 мың тоннаны құрайды, бүгінгі күні 250,4 мың тонна алынған. Дегенмен, тұрғындардың қатты отын дайындау жұмысы Қаратал, Көксу, Ақсу аудандарында баяу жүруде.

Жылыту маусымы жақындап қалса да облыстағы 10 білім беру нысанының жөндеу жұмысы толық аяқталмаған. Сондықтан жылыту маусымына дайындық жұмысы басталмаған. Сонымен қатар, жылу және электрмен жабдықтаушы ұйымдар алдында дебиторлық берешектердің уақытылы өтелмеу мәселелері туындауда. Осының салдарынан кәсіпорындар уақытша қаржылық қиындыққа тап болуда.

Соңында облыс орталығы мен аудан, қалалардағы су, электр, жылумен қамтамасыз ететін мекеме басшылары атқарылған жұмыстарынан есеп беріп, орын алған қиындықтардың себеп-салдарын түсіндірді.

 «Қыс қыр астында» дегендей, күздің бірінші айы да аяқталуға жақын. Демек, дайындық жұмысы жылдам әрі жоспарлы ұйымдастырылмаса биылғы қыста қысылып қалуымыз мүмкін.

Қажет АНДАС