Құлқын сәріде оянып алғанмын, жан-жағыма бажайлай қарап жүріп келемін. Қала көшелері мүлгіген күйінен арыла алмай тұрғандай көрінеді. Қос жанарым арайлап атқан таңнан қандай да бір құндылық іздегендей. Күздің қара суығы адам жанын жайландыра алады екен-ау, көңіл сарайымды ашып, әлдекімге деген асқақ сағынышымды өзімен бірге алып келгендей.
Шаһардың 7-ші шағынауданында орналасқан мектептің алдына бір топ оқушы мұғалімдерімен жиналды. Арасында сол мекеменің директоры мен қоғам белсендісі бар. Барлығының таң бозынан жолға шығып кетпек ниеті аңғарылады. Тасымалдаушы 3 көлікке бөлініп отырып жатқандар ширақ қимылдайды. Әне-міне дегенше жаңағы көліктер қаз-қатар жүріп жолға шығып кетті. Бет алысы Кербұлақ ауданына қарасты Шанханай ауылы.
Жол-жөнекей өнегелі әңгіме айтылды. Дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі, Тезек төре ұрпағы, шоқантанушы Бағдат Ақылбеков оқушылар мен ұстаздар қауымына бұл күнгі сапардың жөн-жосығын түсіндірді. Арғы-бергі тарихта болған оқиғалар турасында сөз қозғап, ел мен жердің атауларына тоқталып сыр шертті. Сондай-ақ, кеңестік идеологияның салқын тұсы қазақтың ұлы тұлғаларын дәріптеуге жол бермегенін, соның ішінде Шоқан Уәлихановтың өмір жолын айрықша тілге тиек етті.
Бағдат Бақтыбайұлы былай дейді: «Шоқан Уәлиханов Қостанай облысы, Құсмұрын бекетінде дүниеге келгенмен Жетісу өңіріндегі бұрынғы Тезек төре ауылында өмірден өтті. 30 жыл өмір сүрді десек, соның тек 12 жылында ғана ғылыммен айналысыпты. Сол аралықта дүниежүзілік ғылымға орасан зор үлесін қосып үлгірді. Оның қалам тартпаған саласы жоқ. Ол географ, этнограф, картограф, ботаник, нумизматик, тарихшы, ағартушы, қазақ халқынан алғаш шыққан ғалым. Қазақтың маңдайына біткен жұлдызы. Осындай арысты тудырған біздің ел шын мәнінде бақытты».
Әңгіме ұзақ жолды қысқартатыны рас. Екі сағаттық жол 2 минутта өтіп кеткендей. Діттеген межелі мекенге тез жеткендей хәлге ендік. Сапарымыз ең алдымен Көшентоғандағы қорымнан басталды. Сол жерде жерленген аруақтарға, соның ішінде Шоқан Уәлихановтың рухына арналып Құран оқылып, дұға жасалды. Жолаушылар Шоқанға орнатылған обелиск – ескерткішті көріп, осы араның тарихынан ақпар алды.
Ең алғаш 1865 жылғы сәуір айында Шоқан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Тезек төре оның басын қыш кірпішпен төртбұрыштап қалатып қойған. Халық аузындағы деректерге сәйкес Шоқанның мазары алты мәрте қайта тұрғызылыпты. Кейіннен Д. Қонаев ғалымның бейітін қайта жаңғыртады. Қысқа мерзімде жоба әзірлеп, 240 мың рубль бөліп 1958 жылы ескерткішін тұрғызады.
Экспедиция мүшелері әрмен қарай Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлихановтың музейіне барды. Жалпы музей 1985 жылы ел игілігіне беріліпті. Қазіргі уақытта мұнда мыңнан астам экспонат қойылған. Рухани орталық алты қанатты қазақ үйдің бейнесінде жасалған. Сондай-ақ, музейде Тезек төреге қатысты деректер де бар.
«Ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың рухына тағзым» атты ғылыми-танымдық экспедиция тұлғаның атына берілген Шанханай аулындағы мектепте жалғасты. Жиында Талдықорған қаласының №28 IT мектеп-лицейінің директоры Гүлжанар Еспанова мен Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры Жанар Жұмажанова өзара серіктестік байланыс орнату туралы келісім – меморандумға қол қойды. Мақсат қала мектебі мен ауыл мектебі арасындағы арақашықтықты жою.
Аталған шара №28 IT мектеп-лицейінің зерттеушілер айлығы аясында ұйымдастырылып отыр. «Тағылым мен тағзым» тақырыбы негізінде танымдық зерттеу саяхат сабағына жас мамандар мен жас зерттеушілер қатысты.
Экспедиция аясында Шоқанның өмірі мен қызметіне арнап Шоқан орта мектебінің оқушылары мен №28 IT мектеп-лицейінің оқушылары зерттеу жұмыстарын оқыды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Оқушылар Шоқан мен оның жары Айсараның ғұмырынан қойылым қойды. Көрініс көпшілік көзіне жас үйірді. Жүрек түкпірінде сақталған ұлы ғалымға деген сағынышты оятты.
Медет ЖҰМАБАЙ
Кербұлақ ауданы