Әлихан Смайылов мемқызметтерді автоматтандыруға қатысты бірқатар тапсырма берді

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 628
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Проактивті түрде көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту үшін әрбір өмірлік жағдай бойынша жол картасын бекіту керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

«Цифрлық даму министрлігі бірқатар жұмыс атқаруы қажет. Біріншіден, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2024 жылғы наурыз айының соңына дейін электронды түрде болады деп мәлімделген мемлекеттік қызметтердің қалған түрлерін автоматтандыруға тиіс. Екіншіден, проактивті қызметтер тізбесін жүйелі түрде кеңейтіп тұруы қажет. Бұл үшін әрбір өмірлік жағдай бойынша жол картасын бекіту керек», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр әрбір мемлекеттік қызметтің нақты жай-күйін тұрақты тексеріп тұру қажеттігін айтты.

«Оның оңай алынуына, деректердің дұрыстығына және олардың қауіпсіз сақталуына ерекше назар аудару керек. Жалпы, халықтан сұралатын құжаттардың тізбесін оңтайландыру қажет. Бизнес пен азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге басымдық берілуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Фото: ашық дереккөзден