Татулық - бірлік бастауы

Уақыты: 28.02.2018
Оқылды: 1551
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алғыс айту күніне арналған мерекелік күнтізбе» тақырыбында брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов қатысты.
Жиында Алғыс айту күніне орай жарияланған онкүндік мерекелік іс-шаралар баяндалды. Және де жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай атқарылатын ауқымды жұмыстар айтылды.
– 2016 жылдан бері Алғыс айту күнін мемлекеттік деңгейде өңірдің барлық аумақтарында атап өтіп келеміз. Бұл жолы да үлкен дайындықпен бастадық. Жылдан-жылға дәстүр қалыптасуда. 10 күндік арнайы жоспар әзірлеп, елді мекендерде жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. 20 ақпаннан басталған мереке аясында 1300-ге жуық шараға 30 мыңға жуық халық қамтылды. Көптеген «дөңгелек үстел», қайырымдылық акциялары, Ашық есік күндері жаппай өткізілуде, – деген Ғабит Тұрсынбайұлы «Тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқы. Алғыс айту күні», «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі медиацияның маңыздылығы» атты «дөңгелек үстел», «Татар тағамдары күніне» тоқталды. Ал Оралбек Нұрсейітұлы өңірдегі аудан, қалаларда «Қайырымды ел» жалпы республикалық акциясы аясында 527 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылғанын, 2433 адамға 24 млн. 689 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қаратал ауданындағы Бастөбе тауының етегіндегі «Қазақ халқына мың алғыс» монументіндегі салтанатты митинг пен Достық үйінде өтетін «Татулық – бірлік бастауы» атты облыстық форумның барысымен таныстырды.
– Алғысты тек 1 наурыз ғана емес, әр күн сайын айту керек. Өйткені Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің әрқайсысы қиын-қыстау кезде көмек қолын созған қазақ халқына қарыздар. Өскелең ұрпақтың санасына сол кездегі оқиғаны сіңіртіп, тарихты үздіксіз түсіндіруге тиіспіз, – деді Атсалим Саламұлы. Сондай-ақ, әртүрлі көңіл тебірентер жайтты мысалға келтіріп, көпұлтты мемлекетіміздің даму қарқынын сөз етті.

М. Даниярұлы