Өңірдің өркенді істері

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1095
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қаратал  ауданының әкімі Рауан Рақымбеков бұқаралық ақпарат құралдары алдында брифинг өткізіп, 2017 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы және 2018 жылы атқарылатын жобалар жөнінде кең көлемде баяндама жасады. 

Ауданда өнеркәсіп саласы бойынша 5 жоба іске асырылу көзделуде. Нақтырақ айтар болсақ,  «Цистанхе» ЖШС-ның мия тамырын өңдеу зауытында жаңадан тұрақты 50 жұмыс орны және маусымдық 250 жұмыс орны ашылмақ. Аталған жобаны 2018-2019 жылдары іске асыру қолға алынады. Жобаның құны 1,8 миллиард теңге,  жылына 11000 тонна мия өңделіп, 1000 тонна «Мия сіріндісі» алынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Absolut incom-E» ЖШС, бір реттік ыдыс-аяқтарды өндіру цехы 50 жаңа жұмыс орнымен халықты қамтамасыз етпек. Жобаның құны шамамен 58 миллион теңге болмақ. Ал «Стамбеков» жеке кәсіпкерлігі құрылыс материалдарды, безендірілген шарбақтарды өндірумен айналысады. Аталған жоба 2019 жылы іске асырылып,  5 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 
Сонымен бірге, инвесторлардың күшімен «Зорбаев Қ» жеке кәсіпкерінің 120 сауда орындық «Дәубай» базарын заманауи форматта жаңғырту» жобасы. Нысанның құны 197 млн. теңге, 10 жұмыс орны ашылып, базарды заманауи форматта базар құрылысы және жарықтандыру жұмыстарын жүргізбек. Бүгінде базардың іргетасы қаланып, жұмысы аяқталуға жақын. Сметалық құжаттамаға сәйкес базар 2 қабаттан тұрады. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында құрылыс жұмыстары аяқталып, базарды пайдалануға беру жоспарлануда. Екіншісі  – «Бласов Ж» жеке кәсіпкері  монша, шағын маркет, құрылыс дүкені, дәмхана және қонақүй салу жобасы. Бұл жобаның құны – 120 млн. теңге. Бүгінге   шағын маркет құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қалған нысандар биыл іске асырылады.   «Елтай ауылдық округінде «Suleymen» ЖШС-ның «Табиғи ешкі сүтінің өндірісі» жобасы 10 жаңа жұмыс орындарын  ашпақ. Бүгінге 50 бас асыл тұқымды канадалық ешкілер сатып алынып, 3 адам жұмыспен қамтылды», – деп қорытындылады Р. Рақымбеков.
Осыдан соң аудан әкімі журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
 

Өз тілшіміз